– Аслан, «Ертіс» сапындағы алғашқы ресми ойныңда мергендік таныттың. Жалпы, жаңа командаңның алғашқы матчы жайлы пікіріңді білсек...
– Мен үшін ерекше матч болды. Бастысы, өз алаңымызда жанкүйер қауымды қуанттық. Күннің салқындығына қарамастан, бізді қолдауға келген павлодарлықтарға алғысымыз шексіз. Ал «Ертістегі» алғашқы ресми ойында көзге түскеніме қуаныштымын. Бұл гол – мені одан әрі жігерлендіре түсті. «Ақжайықпен» болған матч жайлы айтар болсам, оралдық клуб қорғанысқа көп көңіл бөлді. Алайда, біз қажетті үш ұпайды еншіледік. Алғашқы ойында жеңіске жету командадағы сенімділікті күшейтеді.
– Неліктен «Ертісті» таңдадың?
– «Ертіске» ауысу туралы әңгіме бір жарым жыл бұрын туындаған болатын. Себебі, мен алматылық «Қайраттың» сапында негізгі құрамға сирек шығып жүрдім. Ал маған ойын тәжірибесі керек. Осыны аңғарса керек, павлодарлық клубтың басшылығы хабарласып, мені «Ертістен» көргілері келетінін айтты. Біз келісімшарт жайын өзара ақылдастық. «Қайрат» клубымен келісімшартым аяқталған соң, «Ертіске» ауыстым. Бұл команданы таңдауымның да өзіндік себептері бар. Біріншіден, «Ертістің» бапкері Димитар Димитров – ел чемпионатындағы шетелдік үздік бапкерлердің бірі. Екіншіден, «Ертіс» – жақсы ойыншылармен жасақталған мықты ұжым. Клуб өткен маусымда чемпионатты үшінші орынмен тәмамдады. Ал биыл Еуропа лигасында ел намысын қорғайды. Міне, осының барлығы «Ертісті» таңдауыма себепші болды.
– Командаға бейімделу қиынға соққан жоқ па?
– Жоқ. Барлық ойыншыларды бұрыннан білемін. Давид Лориямен «Шахтер» сапында бірге ойнадық. Александр Кислицынмен бала күнімнен таныспын. Бір аулада өсіп, ержеттік. Өзге ойыншылармен ұлттық құрама сапында бірге доп тептік. Енді бірімен чемпионат барысында жолымыз түйісті. Легионерлерден басқасы бір-бірін сырттай біледі ғой. Сондықтан, командаға бейімделу қиынға түскен жоқ.
– Бас бапкер Димитар Димитровпен жұмыс істеген қалай екен?
– «Ертіске» ауысқанда бапкердің өзі маған қызығушылық танытқанын естідім. Ол мені өз командасында көргісі келетінін айтыпты. Әрине, бұл туралы естігенде қатты толқыдым. Димитардай мықты бапкердің көзіне екінің бірі түсе бермейді деп ойлаймын. Ол мені үнемі қолдайды және жартылай қорғаныстың ортасын маған сеніп тапсырды. Мен өзіме артылған жауапкершіліктің зор екенін білемін. Сондықтан, артылған сенімді ақтауға тырысамын.
– Өткенге оралайықшы. Футболдағы жолың қалай басталған еді?
– Барлық балалар секілді мен де аула футболынан бастадым. Сосын Руслан Қаржаубаев жетекшілік ететін әуесқой командаға алындым. Ол менің ойын мәнерімді нақтылап, матч алдындағы психологиялық дайындықты үйретті. Физикалық әзірлігімнің іргетасын қалады. Руслан Қаржаубаевтың жетекшілігімен үлкен футболдың әліппесін үйрендік. Қыста шағын футболды серік ететінбіз. Сондықтан, мені кейде «мини-футболшы» деп атайтындар бар. Әсте, олай емес. Иә, менің алғашқы кәсіби клубым «Тұлпар» мен «Икар» клубтарының біріккен командасы болды. Соңғысының сапында бір маусым ғана өнер көрсеттім. Сосын «Гефест» құрамасындағы бірнеше футболшымен бірге «Шахтердің» қосалқы құрамына ауыстым. Клубпен келісімшартқа отырдық. Осылайша, футболшы ретіндегі ғұмырым басталды.
– Футболда кімдерге қарап бой түзейсің?
– Зинедин Зиданды қадір тұтамын. Сондай-ақ, Андреа Пирло, Иньеста мен Хавиді жақсы көремін. Олар – сапалы футболдың эталондары. Мәселен, Зиданның алаңдағы ойынды көре білуі, матч барысында бар күшін сарқа жұмсайтыны, қимыл-қозғалысы ұнайды. Мұның бәрін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны көру керек.
– Футболдан қолың босағанда немен айналысасың?
– Бала-шағамды ертіп киноға барамын. Серуендейміз. Мотивациялық әдебиеттерді оқығанды ұнатамын.
– Отбасың жайлы айта кетсең...
– Екі кішкентайым бар. Тағы біреуін күтіп отырмыз. Үлкен ұлым – үш жарым жаста. Қызым – екіде.
– Ұлың әкесінің жолымен жүрер ме екен, әлде өмірлік кәсібін өзі таңдай ма?
– Әрине, таңдауды ұлымның өзіне қалдырамын. Бастысы, жақсы адам болып қалыптасса болғаны. Өз-өзіне сенімді болып, өмірде бағынбайтын белес жоқ екенін жақсы түсінсе екен деймін. Менің міндетім – балаларыма дұрыс тәрбие дарыту, өмірде жол таңдауда бағыт-бағдар беру.
– Биылғы маусымда алдыңа қандай мақсат-міндет қойып отырсың?
– Мейлінше, көп гол соғу, жақсы пастар беру. Бастысы – команданың табысына үлес қосу және Еурододада нәтижелі өнер көрсету.
– Әңгімеңе рахмет.
Әңгімелескен
Фархат Әміренов
ПАВЛОДАР