Хоккей • 31 Наурыз, 2017

Есеп теңесті

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоғары хоккей лигасындағы плей-офф кезеңінің жартылай финалында өнер көрсетіп жатқан Өскеменнің «Торпедо» командасы өз айдынында Түменнің «Рубинімен» кезекті рет сынға түсіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Есеп теңесті

Алғашқы ойындағы же­ңілісті қаперінде ұстаған өскемендіктер бірден алға ұмтылды. Алайда, алғашқы шайбаны бірінші болып жіберіп алды. 3-минутта қонақтар сапынан Андрей Корабейников қақпаны дәл көздеп, «Рубинді» алға шы­ғарды. Өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетіп жатқан шығысқазақстандықтар ал­ғашқы кезеңде таразы басын теңестіру үшін барын салды. Гол соғатын мүмкіндіктер бол­ғанмен, сәттілік жолдас болмады.

Есесіне жерлестеріміз ойын­ның келесі бөлігінде тү­мендіктерді екі мәрте қапы қалдырды. 33-минутта Евгений Рымарев мергендігімен көзге түссе, араға төрт минут салып екінші голдың авторы атанды. Бұл тұста ресейліктердің бір ойыншысы кем болғанын айта кеткен жөн.

Матчтың үшінші кезеңі де дәл осы бағытта өрбіді. Ә, дегеннен-ақ алға ұмтылған Алек­сей Ждахин шәкірттері 41-минутта үшінші шайбаны соғып үлгерді. Бұл шақта Евгений Рымарев хет-тригін жасаған еді. Негізгі уақыттың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда қонақтар қақпашыны ай­дындағы ойыншыға алмас­ты­рып, жанұшыра алға ұмтыл­ған болатын. Алайда, бұл да «Тор­­педо» үшін орайы келген мүм­кіндік болды. Леонид Ме­таль­­ников бос қақпаны алыстан дәл көздеп, соңғы нүктені қой­ды.

Алғашқы ойында 0:1 болып ұтылған өскемендіктер осылайша есе қайтарды. Қос команданың арасындағы жалпы есеп 1:1. Келесі екі матч 1 және 2 сәуір күндері Түменде өтеді.

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар