Медицина • 31 Наурыз, 2017

Салғырт адамнан сарапшы шықпайды

455 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда «Сот-сараптама қызметі туралы» жаңа заң қолданысқа еніп, 2010 жылы қа­былданған бұрынғы заң күшін жойды. Қылмыстық әрекеттерден тірі қал­ған адамның денесіндегі, мәйіттердегі, жануарлардағы және т.б. жара­қат­тар мен заттардағы зақымданулардың неден болғанын осы сараптамалар анықтайды. Біз жаңа заңның ерекшеліктері мен жаңалықтары жөнінде айтып беруді Мәжілісте заң жобасын жүргізген жұмыс тобының жетекшісі Балайым КЕСЕБАЕВАДАН өтінген едік.

Салғырт адамнан сарапшы шықпайды

– Бұл заң Қазақстан Республикасының құ­қық қорғау жүйесін одан әрі жаң­ғыр­тудың 2014-2020 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы аясында әзірленген. Ол Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­дағы сот-сараптама қызметін жү­зеге асы­­ру кезіндегі қоғамдық қаты­нас­тарды ре­т­тейді, сондай-ақ, сот сарап­шы­ларының құ­­қықтық жағдайын, мате­риалдық қам­та­масыз етілуін және әлеуметтік қор­ға­луын ай­қындайды. Сот-сараптамалық қыз­ме­тін жүзеге асыру заңнамасын жетілдіріп, оны халықаралық құқық нормаларына сәй­кестендіруге және жеке сот-сараптама инс­титутының қылмыстық қудалау орган­дарынан тәуелсіздігі идеясын одан әрі іске асыруға негіз болады. Заң са­рап­шы мамандықтарын халықаралық стан­дарт­тарға сәйкес сертификаттау­ды және жүр­гізілген сараптамалық зерттеулердің са­пасын, сот сараптамасы органдары мәр­те­бе­сінің халықаралық деңгейге көтерілуін қам­тамасыз етеді.

Заңның көздеген мақсаттарының қа­та­рында бюджет қаражатын тиімді пайда­лану үшін сот сараптамаларын жүр­гі­зудің денсаулық сақтау жүйесінен алынып, Әділет министрлігіне берілгендігін атап өту керек. Сонымен қатар, Сот сарап­шылары палатасын қалыптастыруға мүм­кіндік беріп, мемлекеттік емес жеке сот сарапшысы қызметін жетілдіруге жағ­дай туғызады.

– Енді сот сарапшысына қойылатын талаптарға тоқтала кетсеңіз.

– Сот сарапшысының арнайы білімі бо­луы керек. Сот қабілеті шектеулі деп та­ныған немесе соттылығы бар адам сот са­рапшысы бола алмайды. Сонымен қа­тар, сот сарапшысы міндетті түрде Қа­зақ­­стан Республикасының азаматы, сот са­­­раптамасының нақты бір түрі үшін бел­гі­ленген біліктілік талаптарына сәй­кес аттес­татталған және Қазақстан Рес­пуб­ли­касы сот сарапшыларының мем­ле­кет­­тік тізіліміне енгізілген болуға тиіс. Сот сарап­шысы біліктілігі мен біліктілік куә­­лігі ем­тиханнан өткен соң ғана тапсы­рылады.

Ал сот сарапшысын аттестаттау мә­се­лесіне келсек, бес жылда бір рет Әділет министрлігінің аттестаттау комиссиясы не­месе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган аттестаттау­дан өткізеді.

– Заңның негізгі мақсаттарының бі­рі мемлекеттік емес жеке сот са­рап­шы­сы қызметін жетілдіру екенін атап өт­тіңіз. Осы мәселеге тоқталсаңыз.

– Еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуді мұрат етіп отырған бүгінгі таңда Қазақстанның әр азаматы өз құқығымен қатар, заң нормаларын да жетік біліп, құқықтық сауаттылығын одан әрі дамытуы тиіс. Бұл – өмір талабы, заман сұранысы. Ал сот сарапшысының бас­ты міндеті – мүдделі мекемелер жи­нақ­­таған құжаттарға арнайы білімі мен бі­лігінің негізінде сараптама жүргізіп, іс­тің анық-қанығын егжей-тегжейлі зерде­леп, оған шынайы бағасын беру. Бұл – аса маңызды әрі жауапты іс. Себебі, са­рапшының берген қорытындысы не­гізінде әділдік үстемдік құрып, шындық ашы­лады, қылмыс анықталып, кінәлі жаза­ланады.

Жеке сот сарапшылары институтын құру – уақыт және қоғам талабы­нан туын­даған мәселе. Еуропа мен Аме­ри­ка­ның жоғары дамыған елдерінде сарапта­маларды негізінен мемлекеттік емес ме­кемелер жүргізеді. Ұлыбританияда аза­мат­тардың 40 пайызы жеке сот сараптама­сы қызметінің көмегіне жүгінеді. Егер елі­мізде жеке сот сарапшылары институты құ­ры­лып, аяғынан тұрып, мемлекеттік са­рап­тама мекемелерімен өзара бәсекелесе ала­тын болса, сараптаманың сапасы да арта түсетіні анық.

Қазір шалғай аудандарда орналасқан құқық қорғау органдарының қызметкер­лері сараптама жасату үшін облыс орта­лы­ғына дейін жүздеген шақырым жол жү­­реді, сонымен бірге, сараптама қо­ры­тын­дысын алу үшін де осыншама жол жү­ріп, уақыт жоғалтады. Бұл қылмыстық іс­тің созылып кетуіне, мерзімінде аяқ­­талмауына соқтырады. Осы проблема­ны шешу де кезек күттірмес мәселе.

– Жеке сот сарапшысына рұқсат­ бе­ру­дің тәртібі қандай?

– Сот-сараптама қызметімен ай­на­лысуға лицензия жеке тұлғаларға бе­ріледі. Оны беру­дің, беруден бас тар­ту­дың тәртібі мен шарт­тары Қазақстан Рес­публикасының рұқ­саттар мен хабарлама­лар туралы заң­на­масында белгіленген. Сот-сараптама қыз­метіне лицензия беруді жә­не олардың қызметіне бақылау жасауды Әділет ми­нистрлігі немесе денсаулық сақ­тау сала­сындағы уәкілетті орган жү­зе­ге асырады.

– Сот сарапшылары палатасы ұй­ым­ын құру мәселесіне кеңірек тоқ­та­лып өтсеңіз?

– Сот сарапшыларының палатасы – өзін өзі қаржыландыратын коммерциялық емес кәсіби ұйым. Сот-сараптама қыз­ме­­тін жүргізуге лицензиясы бар жеке тұ­л­ғалар палатаның мүшелері бола алады. Сот сарапшылары міндетті түрде па­ла­таға мүшелікке енуі тиіс. Палатаның мы­надай өкілеттіктері бар: мүшелерінің сот-сараптама қызметін жетілдіруге ба­ғыт­талған жұмыстарын қалыптастыруға жә­не дамытуға көмек көрсетеді; сот-са­рап­тама қызметімен айналысуға арналған мем­лекеттік лицензия­сы бар адамдардың қыз­метін үйлестіруді жүзеге асырады; пала­та мүшелерінің өз кәсіби қызметтерін жү­зеге асыруы кезінде мемлекеттік және мем­лекеттік емес органдармен, оның іші­нде шетелдік және халықаралық ұй­­ы­м­дармен қарым-қатынас жасау­да олар­дың құқықтары мен заңды мүд­де­ле­рін білдіреді және қорғайды; палата мү­ше­лерін оқытуды және олардың бі­лік­ті­лі­гін арттыруды ұйымдастыруға жәрдем көр­­сетеді, т.б. Сондай-ақ, сот-сараптама қы­з­­метімен айналысуға берілген ли­цен­зия­­ның қолданысын тоқтата тұру, тоқтату жә­не одан айыру туралы ұсыныс енгізе алады.

Консервативті көзқарастағы қа­ра­пай­ым халық жеке сот сарапшысы қыз­ме­тін тәжірибеге енгізуді жөн санамауы да мүмкін. Өйткені, олар мемлекеттік жүйе ғана сапалы қызмет ұсынады деп санайды. Біздің еліміз тәуелсіздік ал­ған­нан бері бірқатар мемлекеттік қызмет же­ке­меншікке берілді. Бұл тәжірибе өзінің өмір­шеңдігін көрсетуде. Мысалы, 2002 жы­лы барлық мемлекеттік нотариустар же­ке­меншікке ауыстырылды. Міне, сол уа­қыттан бері елімізде тек жеке нотариу­с­тар ғана қызмет жасауда.

Сол сияқты, қазірде Елбасы тапсыр­ма­сымен сот орындаушылары да жеке­мен­шікке ауысып жатыр. Бұл өзінің нә­ти­желілігін көрсеткен әлемдік тәжірибе бо­лып табылады.

Мемлекеттік қызметті жекеге ауыс­ты­ру алдымен мемлекеттік қар­жы­ны үнемдейді. Яғни, жеке сектор өзін өзі қар­­­жыландырады. Ал өзін өзі қар­жы­ла­н­­­д­­­ыруды олар халыққа қыз­мет көр­се­ту ар­­­қылы жүзеге асырады. Осы рет­те, ха­лық­­­ты өзіне тарту үшін олар өз қыз­ме­тін же­­тілдіруді көздейді. Нә­ти­же­сін­де бә­­се­ке­­лестік орта пайда болады, ал бә­се­ке­лес­тік пайда болған ортада қыз­мет­тің са­пасы ар­татыны айтпаса да түс­і­нікті.

– Заңгер ретінде сот сарапшысында қандай қасиеттер болуы керек деп са­найсыз?

– Сот сарапшысы қызметі оңай жұмыс емес. Оның мақсаты – сараптамаға алған зат­ты жан-жақты зерттеп, ол туралы толық си­паттама беру. Жақсы сарапшының бойында, ең алдымен, әрдайым өсуге де­ген тал­пыныс болуы керек. Көптеген жағ­дай­да сарапшының қорытындысы арқылы іске нүкте қойылады. Сондықтан, әр сарап­шы өзінің біліктілігін тұрақты түр­де арттырып, заңмен белгіленген шектен шық­пау үшін заңгерлік мәселелерге үнемі қы­зығушылық танытып отырғаны жөн. Қыс­қасы, сарапшы өз жұмысының хас ше­бері болуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар

Несие алу неге қиындады?

Қоғам • Бүгін, 17:38