Талқылау алдында сенаторлар Икрам Адырбеков, Мұхтар Алтынбаев, Серік Жақсыбеков, Георгий Ким, Ләззат Қиынов Сарыағаш шекара жасағының «Жібек жолы» өткізу бекеті мен «Дархан» шекара заставасында болды. Олар қазақстандық шекарашылардың жауынгерлік қызметімен танысып, инфрақұрылым нысандарын аралады.
Еліміздің Шекара қызметінің басшысы, генерал-майор Дархан Ділманов отырыс барысында шекарадағы қазіргі жағдай, атқарылған жұмыстар, сондай-ақ шешуді талап ететін өзекті мәселелер туралы жан-жақты хабардар етті. «Ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерді (терроризм, экстремизм, есірткі, қару-жарақ контрабандасы, заңсыз көші-қон) ескере отырып, Шекара қызметі шығыс және солтүстік бағыттардағы шекараны күзету деңгейін төмендеткен жоқ, әрі басты назарды оңтүстік және оңтүстік-батыс стратегиялық бағыттарға аударуда», – деді ҰҚК Төрағасының орынбасары-Шекара қызметінің директоры Д.Ділманов.
Қазіргі таңда Қазақстан-Қырғызстан және Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын шегендеу процесі аяқталды. Қазақстан-Қырғызстан шекарасын шегендеу мен тәртібі туралы халықаралық шарттарға қол қоюға дайындық және келісу жұмыстары жүргізілуде.
2017 жылғы қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін Мемлекеттік шекараны күзету кезінде шекара аймағында 3 545 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. 75,5 килограмм есірткі заты (оның ішінде, 50 килограмнан астамы – героин), сондай-ақ 16 қару мен 523 оқ айналымнан алынды.
Дариға Назарбаева Оңтүстік Қазақстан облысына екі күндік сапарды қорытындылай келіп, шекара қызметінің техникалық жабдықталуының жоғары деңгейін атап өтті. «Бұл саланың басымдыққа ие екені баршаға белгілі, әскери қызметшілерге әлеуметтік жағынан қорғалуы үшін барлық жағдай жасалады. Мәжілісте әскери қызмет туралы заңнамаға әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін елеулі түрде жеңілдететін түзетулер енгізілді. Ол – өте ауқымды жұмыс, оны депутаттардың еңбегі деп санаймын», – деді сенатор республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында.
Комитет төрайымы Д.Назарбаева бюджет қаржысын елеулі түрде оңтайландыратын бірыңғай авиация қызметін құру керек деп санайды. «Жалпы алғанда, қиындықтарға қарамастан, адал қызмет ететін біздің әскерилерге ризашылығымды білдіремін. Біз осы мамандықты таңдаған адамдарға зор құрметпен қарап, олардың амандығына тілекші болуымыз керек. Алда Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы келе жатыр, сондықтан біздің әскерилерге журналистердің назар аударуын өтінемін. Олар біздің бейбітшілігімізді қамтамасыз етіп келеді. Қоғамды осы мамандыққа құрмет көрсетуге тәрбиелеу керек», – деді сенатор.
Сенаторлар сондай-ақ республикалық «Жас ұлан» әскер мектебінде болды. Олар Отанымыздың жас қорғаушылары – мектеп тәрбиеленушілерімен кездесіп, әскери мектепке компьютерлік сынып және дәрігерлік жабдықтар тарту етті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»