Отырысқа жетекшілік еткен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бүгінгі таңда Астана қаласында 12 жексенбілік мектеп жұмыс істейтінін және ол жерлерде 600-ге жуық қатысушы белсенді білім алып, ұлттық құндылықтар жөнінде таным-түсініктерін кеңейтіп жатқанын атап өтті. Ал Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко бұл кездесу Ассамблеяның кезекті сессиясына дайындықты пысықтау екендігін тілге тиек етті.
«Бүгін біз ҚХА депутаттық топ өкілдері Астана қаласындағы этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелерімен кездесіп, Ассамблеяның кезекті сессиясына дайындықты пысықтау үстіндеміз. XXV сессияның күн тәртібіне шығарылып, талқыланатын мәселелерді осындай басқосулар арқылы нақтылаудамыз. Әрине, біздің айтатын әңгімеміз қай кезде де татулық пен бейбітшілік болуы тиіс. Өйткені, ынтымақ, бірлік, келісім болмаған жерде қарышты дамитын экономика да, өсіп-өркендейтін кәсіпорын немесе сапалы қызмет көрсету саласы да кең қанат жаймайды. Сондықтан да мұндай кеңестерді алдағы уақытта республикамыздың барлық өңірлерінде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ал бүгінгі басқосуда талқылануы тиіс тақырып – ҚХА аясындағы мәдени бірлестіктерді қаржыландырудың мүмкіндігін арттыру мен қазақ тілін оқытып, үйрету арқылы оның қолданыс аясын кеңейту болып табылады», – деді В.Божко.
Сондай-ақ, кездесу барысында қоғам дамуының өзекті мәселелерін шешудегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін арттыру жайы айтылып, этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды үйлестіру саласында ел Парламентінің ҚХА мен мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара тиімді іс-қимылдарын қамтамасыз етудің негізгі бағыттары сөз болды.
Естеріңізге сала кетейік, келер айдың соңғы сәрсенбісінде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы өтеді деп күтілуде.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»