Балтық теңізі арқылы Германияға шығатын «Солтүстік ағын» газ құбыры сәтті жүзеге асырылған соң, Ресей «Солтүстік ағын-2» жобасын қолға алды. Әрқайсысы шамамен 55 миллиард текше метрді құрайтын қос жобаның әлеуеті зор. 2016 жылы осы «Солтүстік ағын» газ құбыры арқылы Батысқа 43,8 миллиард текше метр газ жеткізілген. «Солтүстік ағын-2» мәселесінде Берлин әзірше Брюссельдің саясатына кереғар, бірақ өзі үшін тиімді саясат жүргізіп отыр. 2016 жылы ресейлік газ өндіруші алпауыт «Газпром» компаниясы Алманияға 50 млрд текше метр газ жеткізді.
2007 жылдан бері Қара теңіздің астымен Болгария арқылы Еуропаға тікелей «Оңтүстік ағын» газ құбырын салу жобасы (жобаның жалпы құны 40 млрд АҚШ доллары) саяси-заңдық мәселелерге байланысты Еуропа одағының қарсылығын туғызып, үлкен шығынға ұшыратқан жобаның құрылыс жұмыстары 2014 жыл соңында тоқтатылған еді. Еуропалық одақтың монополияға қарсы заңына («Үшінші энергетикалық пакет») сәйкес Еуропа аумағында газ өндіруші жақ пен газ құбырлары иесі бір тарап бола алмайды. Өйткені, энергетика саласы экономикамен қатар сыртқы саясатпен және қауіпсіздікпен байланысты болғандықтан саяси дағдарыс туған жағдайда онсыз да газ сатып алуда Ресейге тәуелді болып келген Еуропалық одақ қиыншылыққа душар болмас үшін осындай тосқауыл қоюды дұрыс деп тапты.
2014 жылдың аяғында құны 40 млрд АҚШ долларына жақын «Оңтүстік ағын» жобасын «Түрік ағыны» құбырымен алмастыру туралы Ресеймен қатар, Түркия үшін де тиімді шешім қабылданды. Бұл жоба бойынша Ресей әрі газ сатушы, әрі газ жеткізуші тарап емес, Еуропа одағына кірмейтін Түркия арқылы Грекиядан Еуропаға газ жеткізетіндіктен «Үшінші энергетикалық пакет» ережелерін айналып өтуге тырысады. 2015 жылы аталған жоба екі ел мамандары тарапынан қызу талқыланғанымен, Ресей мен Түркия арасында туындаған саяси дағдарысқа байланысты 2016 жылдың ортасына дейін уақытша күн тәртібінен шығарылды.
Өткен жылдың қазан айында Ресей мен Түркия президенттері «Түрік ағыны» жобасын жүзеге асыру туралы екіжақты келісімге қол қойды. Жыл соңында Түркия Парламентінде және 2017 жылы Ресейдің Федерация кеңесінде мақұлданып, 7 ақпанда Ресей президенті В.Путин келісімді бекітетін құжатқа қол қойды. Құбыр құрылысы 2017 жылдың ортасында басталып, 2019 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
«Түрік ағыны» сәтсіз аяқталған «Оңтүстік ағын» құбыр жолымен Ресейдің Анапа жерінен басталып, Түркияның су аумағы арқылы Кыйыкөй, Түркия-Грекия шекарасына жалғасып, әрі қарай Оңтүстік Еуропа елдеріне бағытталуы тиіс. Ұзындығы 910 километрді құрайтын құбырдың 660 километрінде бұрынғы «Оңтүстік ағын» жобасынан қалған инфрақұрылым мен жолдар пайдаланылады. Бастапқыда «Түрік ағыны» үшін 63 млрд текше метр газ тасымалдайтын төрт құбырдың құрылысы жоспарланғанымен саяси-қаржылық ауыртпалықтарға байланысты құбырлар саны екі есе қысқартылып, бір тармағы Түркияға, ал екіншісі Грекия, Балқан елдерін, одан әрі қарай «Посейдон» құбыры (ITGI) арқылы Италияның энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету көзделген.
Ресей тарапы жобаны жүзеге асыру мақсатында Италияның «Edison» және Грекияның «DEPA» компанияларымен келіссөздер жүргізді. Жалпы, «Газпромның» стратегияларында Грекияның орны мен рөлі айрықша екені рас. Әрине, Еуропалық одақ Грекия мен Италия сияқты мүше елдердің дербес энергетикалық саясат жүргізгенін қаламайды.
Әзірше әрбірі 15,75 млрд текше метр газ өткізетін және әрқайсының құны 5-6 млрд еуро болатын қатарлас қос құбырдың салынуы жоспарлануда.
Жуырда «Газпром» Швецияның «Allseas» компаниясымен бірінші кезекте «Солтүстік ағын 2» және «Түрік ағыны» жобаларының әрқайсысы үшін екі құбыр салу туралы келісімге қол қойды. Десек те, Еуропа одағы тарапынан «Түрік ағыны» жобасына қатысты қазірге дейін кепілдік, не болмаса рұқсат берілмеді. Бұған қарамастан Батыстың санкциялары салдарынан экономикасы зардап шеккен Ресей жобаның Түркияға бағытталған бірінші тармағын салуды бастай бермек. «Газпром» құбырдың екінші тармағын Еуропа кепілдік берген соң ғана бастамақ. Түрік саясаттанушысы Керим Хастың пікірінше, «Түрік ағыны» Ресей тұрғысынан Еуропаға газ жеткізу жолдарын әртараптандыруда және Еуропа газ нарығындағы мығым орнын ұзақ мерзімде сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, Ресей Еуропаның энергетика нарығындағы ұстанымын күшейту және транзит елдерді ауыстыру мақсатында осындай икемділікке барып отыр.
2016 жылы «Газпромның» шетелге шығарған газ экспорты 12,5 пайызға өсіп, 180 млрд текше метрді құрап, 2016 жылы Еуропаға газ экспорты нарығындағы үлесі 33,5 пайыз болды. Дегенмен, газдың құны мұнай бағасына байланысты болғандықтан кіріс көлемі бұрынғыдай өсе қоймады. Еуропаның газға деген сұранысы 2016 жылы 6 пайызға өсіп, 447 млрд текше метрге жеткен (Eurogas). Энергетикалық даму қоры директоры Сергей Пикиннің ойынша Еуропа жыл өткен сайын газ тұтыну деңгейін азайтып келеді. «Газпром» 2030 жылға таман Еуропаға 212 млрд текше метр газ тасымалдауды жоспарлауда. 2016 жылдың басында 1 мың текше метр Ресей газының құны 200 АҚШ доллары болса, ал, жыл соңында 180 АҚШ долларына түскен. Еуропа одағы «Газпром» және тағы басқа ресейлік компанияларға қарсы санкциялар енгізу арқылы қаржы, технология және өндіріс салаларында бірқатар шектеулер жасап келді. Өйткені, Еуропаның бірлескен энергетикалық саясаты Ресейден экспортталатын табиғи газға шектен тыс тәуелді болудың алдын алып, келешекте бірінші кезекте, Каспий аймағы, Таяу Шығыс пен Жерорта теңізінен құбырлар және кемелермен жеткізілетін балама мүмкіндіктерді ашық қалдырады.
«Түрік ағыны» газ құбырының өткізу қабілеті 31,5 млрд текше метр екенін ескергенде, Ресейдің шетелге газ экспортындағы үлесі шамамен 17,5-20 пайызды құрайтын болады. Түркияның Ресейге энергетика саласындағы тәуелділігі 28 млрд текше метрді, яғни шамамен 55 пайызды құрайды. Кейбір түрік сарапшыларының пікірінше, аталған жоба нәтижесінде Түркияның Ресейге энергетикалық тәуелділігі арта түседі. Дегенмен, «Түрік ағыны» жобасы Түркияға энергетикалық ұсыныстың артып, газ бағасының төмендеуіне алып келуі мүмкін. Ресейдің Түркияға газ экспорты Қара теңіздің астынан өтетін 16 млрд текше метрге дейін газ тасымалдауға қабілетті «Көгілдір ағын» құбыры және 14 млрд текше метр газ тасымалдайтын Транс-Балқан құбыры (Украина-Молдова-Румыния-Болгария-Түркия) арқылы жүзеге асырылуда. Түркия мен Ресей «Түрік ағыны» жобасының екінші тармағы үшін рұқсат алған жағдайда аталған Транс-Балқан құбырын кері бағытта Еуропаға қарай алмастыруы ықтимал. Яғни, Түркия газды тікелей Қара теңіз арқылы Ресейден алатын болып, газ бағасы арзандайды. Еуропа рұқсат бермеген жағдайда, құбырдың екінші тармағы Түркияның қосымша энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуі мүмкін.
Жалпы, Түркияның энергетикалық саясаты солтүстік, шығыс пен оңтүстіктен әртүрлі жолдармен тасымалданатын газ бен мұнай экспортын өз аумағы арқылы өткізіп, Еуропа елдеріне тасымалдайтын аймақаралық орталыққа, транзит пен алып-сатудан ірі пайда табатын халықаралық хабқа айналуды көздестіреді. Біріккен Араб Әмірліктерінің «FARAS» болашақты зерттеу орталығының сараптамасына сәйкес, Түркия 2025 жылға дейін «Түрік ағыны» жобасынан басқа 7 халықаралық энергетикалық құбыр жүйесі өтетін әлемдік деңгейдегі энергетикалық орталық болуды қалайды. Яғни, Түркия қарапайым транзит ел болғысы келмейді.
Халықаралық энергетика экономикалық одағының (IAEE) басшысы Гүркан Кумбароғлу «Түрік ағыны» жобасы Түркияның ұстанымы мен рөлін күшейте түсетінін алға тартады. Егер аталған жоба жүзеге асырылған жағдайда Түркия Ресей мен Еуропа одағы арасында дәнекер елге айналып, газ бағасына ықпал ете алатын ел атануы ықтимал. Келешекте Түркия арқылы өтетін Әзербайжан, Иран, Ирак, Түрікменстан газ экспортының арту мүмкіндігі ескерілген жағдайда Түркия әлемдік газ экспортаушы елдер мен Еуропа арасында ірі саудагер елге айналуы мүмкін. Бұған қоса Иран жағы да алдағы жылдарда Түркия арқылы Еуропаға жыл сайын 35 млрд текше метр газ жеткізу ниетін білдіріп отыр. Одан бұрын Каспийдің Әзербайжан газын 2018 жылы Түркияға (6 млрд текше метр) және 2020 жылы Еуропа одағына (10 млрд текше метр) жеткізуді көздейтін және 2018 жылы салынып бітетін «Транс-Анатолиялық газ құбыры» (TANAP) жобасының жұмыстары да жедел түрде жүргізілуде. Жобаның құны 7-10 млрд АҚШ долларын құрап отыр.
Осылайша, Еуропа 2020 жылға таман алғашқы Каспий газының пайдасын көретін болады. Әзербайжан Түркия, Грекия және басқа Еуропа елдерімен бірге «Оңтүстік Кавказ газ құбыры», TANAP және әрі қарай TAP («Nabucco» жобасының орнына ұсынылған «Транс-Адриатикалық газ құбыры» жобасы) үлкен жобаларына қаражат салып, «Оңтүстік газ құбырлары» жүйесін жүзеге асырып отыр. TANAP жобасы арқылы 2020 жылға таман 31 млрд текше метр газ тасымалдап, оның 25 млрд текше метрін Еуропаға жеткізу стратегиясы Әзербайжанның әлемдік газ нарығындағы рөлін арттыра түседі.
Жалпы құны 45 млрд АҚШ долларына жақын TAP жобасы 2018-2019 жылдарда салына бастайды және Әзербайжан газын Еуропаға жеткізу мақсатында жүзеге асырылуда. Еуропа бұл құбыр арқылы алдағы кезеңде Түрікмен және Ирак газын да импорттауға қарсы емес. «Түрік ағыны» жобасы және Оңтүстік газ дәлізінің жалғасы есептелетін «Транс-Адриатикалық газ құбыры» (TAP) жобасы Түркия мен Грекия шекарасына жақын аймақтан өту мүмкіндігі екі жобаның бағыты тұрғысынан бәсекелестігі туралы әңгімелер тудырғаны рас. Екі жоба Еуропаға газ жеткізу көлемі жағынан қазіргі таңда бәсекелес емес деп топшылауға болады.
Әзербайжан TANAP жобасын дамыту арқылы Еуропа нарығына шыға алатын Каспий аймағының жалғыз газ экспорттаушысы болмақ. Әзербайжан саясаттанушысы Илгар Гурбанов Әзербайжанның мақсаты 2025 жылға дейін Еуропаға бағытталған газ құбырларын салу жұмыстарын тезірек аяқтау екенін айтады. Қалай десек те, 2020 жылдан кейін Еуропа нарығына әртүрлі жобалар шеңберінде газ ұсыныстарының көбейетіні анық. Тіпті әлемдік газ нарықтарынан алыста орналасқан Мысыр, Израиль және Өзбекстан сияқты елдер де келешекте Еуропаға газ сатудан дәмелі болып отыр. Ұсыныстардың артуы Еуропа және әлемдік нарықтардағы газ бағасының арзандауына алып келуі мүмкін.
Әрине, TANAP және «Түрік ағыны» жобаларының жақын нарықтарды көздеуі, алдағы кезеңдерде энергетикалық ұсыныстардың арту мүмкіндіктері Анкараның қазірден бастап ұқыпты энергетикалық дипломатия жүргізіп, барлық тараптардың мүдделері мен талаптарын ескеруін қажет етеді. «Түрік ағыны» жобасы Ресей мен Түркияның саяси қарым-қатынастарын тұрақтандырумен қатар қос тарапты жақындастырып, алдағы жылдарда екіжақты ынтымақтастыққа міндеттейді. Десек те, «Түрік ағыны» жобасының келешегі Еуропа одағы мен Ресейдің қарым-қатынастарының реттелуіне тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ
саясаттанушы