Жаздың аптап ыстығы басталмай жатып еліміздегі ең ұзын су артериясы – Ертістің деңгейі күрт төмендеп кеткені байқалып отыр. Өзен жағалаған жұрт арна одан әрі тарылып, аймақта экологиялық апат туындай ма деп алаңдайды.
Бұған дейін Абай облысының халқы Ертіс өзенінің деңгейі күрт төмендеп кеткенін айтып, мәселе көтерген еді. Бұл келеңсіздік мамыр айының соңғы күндері өзеннің төменгі ағысы – Павлодар аумағында да байқала бастады. Бұған дейінгі жылдары өзеннің кейбір әсем тұстарында су кемеріне келіп, толып тұратын. Алайда биыл арнаның төмен түсіп кеткені, ағысы баяулап қалғаны көзге ұрып тұр. Тұрғындар бұл жағдай Ертіс өзенінің жайылмаларына теріс әсер етіп, экологиялық қиындық туындатып жібере ме деп қауіптенеді. Арнаның тарылуы су жануарлары әлеміне, егін шаруашылығына, өзендегі кеме қатынасына айтарлықтай зиянын тигізуі мүмкін.
Мәселенің мәнісін Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаровтан сұрап білдік. Маманның айтуынша, өзенге төніп тұрған қауіп жоқ. Дегенмен, оның арнасы былтырғыдай болмайды.
«Ертіс өзенінің суы көктемгі еритін қар суы мен бүйірлік ағындардың қорына тәуелді. Шүлбі суқоймасы жыл бойы өзенге су жіберіп, арнаның деңгейін ұстап тұрады. Бұл өзеннің экологиялық жағдайын қалыпты ұстауға әрі кемелер навигациясын қолдауға аса маңызды. Алайда биыл көктемде Шүлбіге айтарлықтай су құйылмады. Көктемде Ертіс өзеніне босатылған судың орнын толтыру мақсатында Шүлбіден шығатын судың жылдамдығын секундына 500 текше метрге дейін азайтуға мәжбүр болдық. Мұндай мөлшер тек 2 тәулік бойы ғана ұсталып тұрды да, норманы қайтадан қалыпты деңгейге – 600-650 текше метрге дейін көтердік. Осы күндері Ертіс өзені жағалауындағы Шүлбіге ең жақын орналасқан Семей қаласында су деңгейі күрт азайып кеткені байқалды. Бірақ бұл жағдай Павлодар облысына аса әсер етпеуі керек. Себебі өзенге жолай құйылатын өзендер бар», дейді инспекция өкілі.
Шүлбідегі су деңгейі қазір 238 метрді көрсетіп тұр. Бұған дейінгі жылдары ол деңгей 239-240 метр болған. Яғни су жетіспеушілігі бар. Өткен қыста Шығыс Қазақстанның таулы жерлеріне ылғал аз түскен. Әдетте мамыр айының соңына таман таудағы еріген қар суының екінші легі Шүлбіге құйылатын. Алайда биыл ондай молшылық байқалмай тұр. Таудағы қарлардың барлығы ерте еріп кеткен. Сондықтан суқоймасының деңгейі одан әрі артатынына сенім аз.
«Павлодар облысында өзен арнасының күрт төмендеп кетуіне әсер ететін факторлар көп. Ең әуелі оған жолай құйылатын сағалары әсер етеді. Мәселен, суы мол Шаған өзені осы уақытта арнасына сыймай тасып, құйылып жататын. Өкінішке қарай, биыл оның суы да азайып қалғаны анықталды. Екіншіден, өткен күз бен биылғы көктем мезгілдері құрғақ жағдайда өтті. Жер тойынбаған соң, өзен суының көп бөлігін сіңіріп алады. Шүлбіден үнемі беріліп тұратын (секундына 600-650 текше метр) су арнаның деңгейін көтереді деп айта алмаймыз. Себебі ол өзен суын қалыпты деңгейде ұстап тұруға арналған. Шүлбіден су үнемі босатылмаса, Ертісте кемелер жүзе алмайды», деп қосты Е.Қамбаров. Маман Шығыс Қазақстан, Абай өңірлерінде маусым айы жаңбырлы болатын болса, Шүлбіге жиналатын судың деңгейі артатынын, соған орай Ертіске босатылатын судың көлемі де өсетінін ескертті.
Осылайша, кейінгі жылдары үзбей жалғасқан құрғақшылық су мәселесінің одан әрі күрделене беретінін дәлелдей түсіп отыр. Биыл Ертіс өзенінің жайылмалары тіршілік нәріне жарымай, шабындық проблемасы кесе көлденең шықса, айлақтардағы жүк кемелері де судың шамадан тыс төмендеп кетуінен әдеттегі бағыттармен жүре алмай, қиналуы мүмкін. Өзен бойында гидробекеттердің жетіспеушілігі тіршілік нәрінің көлемін шамалауға да мүмкіндік бермей отыр. «Қазгидромет» РМК өңірлік филиалының басшысы Галина Шпактың айтуынша, өзен Шығыс Қазақстаннан облысымызға кіргеннен бері қарай 250 шақырым жерде бірде-бір гидробекет жоқ. Жалпы, облыста өзенді бақылайтын небәрі 5 бекет бар екен. Оның екеуі – облыс орталығында, өзгесі Тереңкөл, Ертіс, Железин аудандарында орналасқан. Мамандар Ертіс пен өзге су айдындарының экожүйесін нығайтуға жедел кіріспесек, аймақта үлкен экологиялық апаттар орын алуы ықтимал деп есептейді.
Түйіндей айтсақ, алдағы жылдары су айдынын сақтау бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынбаса, Ертіс өзенін жаяу кешіп өтуіміз мүмкін. Облыс халқының басым бөлігі, ірі кәсіпорындар өзеннің суы арқылы күнелтіп отыр. Сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы каналдың өзі де толықтай Ертіске тәуелді екенін ұмытпағанымыз абзал.
Павлодар облысы