Елімізде 2026 жылдың бес айында 3 мыңнан астам есірткіге қатысты құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомствоның мәліметінше, аталған кезеңде шамамен 1,5 мың есірткі қылмысы тіркелген. Сондай-ақ алты ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде бір трансұлттық қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған.
«Құқық қорғау органдары 12 синтетикалық есірткі зертханасын және 42 фитозертхананы жойды. Бұдан бөлек, заңсыз есірткі айналымына қатысы бар 12 мыңға жуық интернет-ресурс бұғаттауға жіберілді. ІІМ мен Ұлттық банк бірлесіп есірткі бизнесінің қаржылық арналарына да тосқауыл қойылып жатыр. Нәтижесінде 107 миллион теңгеден астам күмәнді қаржы аударымы тоқтатылып, 125 мыңға жуық шетелдік төлем картасы бұғатталды. Сонымен қатар 20 мың криптоәмиянға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр», деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Министрлік синтетикалық есірткінің таралуы ерекше қауіп төндіріп отырғанын атап өтті. Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 466 келі синтетикалық есірткі мен 11 тоннадан астам прекурсор тәркіленген.
Қарасай ауданында жасырын есірткі зертханасы жойылды
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда есірткі қосылған көкнәр тұқымын сатқан қылмыстық топ әшкереленген болатын. Сот үкімімен қылмыскерлер 7 жылға бас бостандығынан айырылды.