• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:55

Жазғы демалысқа жан-жақты дайындық

Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздегі су ресурсына бай өңірлердің бірі. Облыс аумағында 60-қа жуық ірілі-ұсақты өзен, екі мыңнан астам көл және қолдан жасалған 127 су қоймасы бар. Сондықтан жаз мезгілі басталысымен өңірдегі су айдындарының қауіпсіздігі мен демалыс инфрақұрылымын дамыту мәселесі ерекше маңызға ие болады.

Жыл сайын Есіл өзенінің жағалауы мен 13 көлдің бо­йында жалпы саны 61 жағажай ұйымдастырылады. Өткен жылы осы демалыс орындарының барлығы қатаң бақылауда болып, қауіпсіздік талаптарының сақталуының арқасында өңірде суға кету фактілері тіркелген жоқ.

Облыс орталығы – Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін Есіл өзенінің жағалауында және қала іргесіндегі Пестрое көлінің маңында екі арнайы жағажай жұмыс істейді.

Алайда 2024 жылғы алапат су тасқыны Есіл өзенінің арнасы мен жағалауындағы табиғи жағдайға елеулі өзгерістер енгіз­ді. Күшті ағыс салдарынан жаға­лаудың кейбір бөліктері ша­йылып, тереңдігі алты метрден асатын жаңа су айдындары пайда болған. Осыған байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Петропавл қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы қауіпті учаскелерді шомылуға пайдалануға уақытша шектеу енгізуді ұсынған.

Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренованың айтуынша, шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған аумақтар облыстағы су пайдалану қағидаларына сәйкес белгіленеді.

– Қазіргі уақытта су айдындары аумағында қажетті ақпараттық стендтер, ескерту және тыйым салу белгілері орнатылды. Қала тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік талаптарын сақтап, тек арнайы жабдықталған орындарда ғана демалуды сұраймыз, – дейді Қалия Төренова.

Бүгінде жағажайларды абат­тан­дыру жұмыстары қарқын­ды жүргізіліп келеді. Атап айтқан­да, демалыс орындарына тө­се­ніш­тер төселіп, жаяу жүр­гін­­шілерге, жүгірушілер мен вело­си­пед­­ші­лер­ге арналған жолақтар салынуда.

– Демалыс аймақтарының инженерлік және қоғамдық инфра­құрылымы кезең-кезеңі­мен жетілдіріледі. Соны­мен қатар келушілердің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін құтқару қызметі мен полиция бөлім­ше­леріне арналған модуль­дік ғимараттар орнатылады, – дейді әкім орынбасары.

Жаз мезгілінде өңірде ту­ристік маусым да қыза түсетіні белгілі. Осыған байланысты туризм сала­сының дайындығы мен даму көрсеткіштеріне де назар аудардық. Облыстық кә­сіпкерлік және индус­трия­лық-инновациялық даму басқармасының туризм саласына жауапты бөлімнің басшысы Қанат Шамсутдиновтің айтуынша, өңірде туризм саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді.

– 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысына 165 мың турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,9 пайызға жоғары көрсеткіш. Ал туризм саласында көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 27,4 пайызға өсіп, 3 миллиард теңгені құрады, – дейді Қанат Шамсутдинов.

Қазіргі уақытта облыста жалпы сыйымдылығы 6,7 мың төсектік орыннан асатын 126 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Өңірде туризмді жыл бойы дамытуға, туристік инфрақұрылымның сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Солтүстік Қазақстандағы негіз­гі туристік орталықтардың бірі – Имантау-Шалқар курорттық аймағы. Ол Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында ор­на­ласқан. Бүгінде мұнда үш мың­нан астам төсектік орынға ар­налған 48 демалыс базасы жұ­мыс істейді. Оның ішінде 10 нысан келушілерді жыл бойы қабылдайды. Ұлттық парк мә­лі­метіне сәйкес, 2025 жылы курорт­­тық аймаққа 61,6 мың адам келген.

Курорттық өңірдің инфра­құры­лымын дамыту мақсатында биыл 1,8 миллиард теңгеге 20,6 ша­қырым автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Сонымен қатар турис­­­тік ны­сандарды сапалы байланыс және ин­тернет желісімен қам­та­масыз ету шаралары қолға алын­ған.

Қазіргі уақытта 5,2 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, нәтижесінде жеті демалыс базасы жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылды. Алдағы уақытта тағы 12 шақырым оптикалық кабель тарту жоспарланып отыр.

Туристердің қауіпсіздігі де бас­ты назарда. Осы мақсатта Иман­тау және Шалқар көлде­рінің жағалауында екі заманауи модульдік құтқару бекеті орна­тылған. Жалпы, курорттық аймақ­та 35 су-құтқару бекеті жұмыс істей­ді.

Сонымен қатар өңірде туристік по­лиция қызметі құрылды. Қазіргі уақытта Шалқар және Иман­тау көлдерінің маңында турис­­тік по­ли­ция­ның тағы екі модуль­дік беке­тін орнату мәселесі қарас­ты­ры­луда.

– Курорттық аймақта абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасып келеді. Демалушылар үшін санитарлық-гигиеналық то­раптар жұмыс істейді, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған кон­тейнерлер орнатылған. Сондай-ақ демалыс орындарының сани­­та­р­­лық жағдайына тұрақты мо­ни­торинг жүргізіліп отырады, – дейді Қанат Шамсутдинов.

Өңірде судағы қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мен туристік инфра­құ­рылымды жетілдіру бағы­тын­дағы жұмыстардың қатар жүр­гізілуі жазғы демалыс маусымын сапалы ұйымдастыруға мүм­кіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде Солтүстік Қазақстанның туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіз әрі жайлы демалысына жағдай жасап келеді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар