Ауыл-аймақтың тазалығын сақтап, табиғатқа жанашырлық танытуға мектеп оқушылары да белсене атсалысады. Мұны республикалық маңызға ие «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясының қорытынды іс-шарасында айқын байқалды.
Еліміздің інжу-маржаны саналатын «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында жыл сайын өткізілетін бұл акцияның басты мақсаты – табиғатты қорғау, қоршаған орта мәселелеріне қоғам назарын аудару, оларды шешу жолдарын насихаттау. Акция аясында түрлі байқаулар, дөңгелек үстелдер, тазалық жұмысы, ағаш отырғызу, бұлақ көздерін тазарту сияқты экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар тақырыптық көрмелер мен концерттер өткізіліп, оқушылардың табиғатты қорғау бағытындағы белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Ауыл тұрғындары, үлкені мен кішісі бір кісідей жұмылып, «Құстарға қамқор болайық», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», «Жасыл жапырақ», «Табиғат – біздің анамыз», «Мөлдір бұлақ» акцияларына тұрақты түрде қатысуды игі дәстүрге айналдырған. Мектеп оқушылары арасында табиғатты қорғау тақырыбында сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасау, би өнері және өз шығармаларын ұсыну бойынша байқаулар өткізіліп, үздік шыққандар «Парктер шеруі» акциясының қорытынды жиынында марапатталды.
Жеңімпаздарға ұлттық парк пен демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар табысталып, табиғатты аялауды өмірлік ұстанымына айналдырған жас буынның мерейі үстем болды.
Биыл «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы аясында 50 түрлі іс-шара мен 4 байқау ұйымдастырылып, оған 4 мыңға жуық адам қатысты.
Көлсайдың көркем табиғаты аясында өткен қорытынды жиында оқушылардың өз қолдарымен жасаған тұрмыстық бұйымдары мен көз тартар суреттерінен құралған көрме көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
– Мен әкемнің көмегімен әдемі үйшік жасадым. Егер оны үлкейтіп, Көлсай аумағына орналастырса, демалуға келген адамдардың тынығуына мүмкіндік болар еді. Ал қолымдағы күректі жасау да қиын болған жоқ. Оны қыста қар тазалауға, жазда қоқыс жинауға пайдалануға болады, – дейді Айтжан Түркебаев атындағы орта мектеп-лицейінің 3-сынып оқушылары Мирас Себеғат пен Қасымәлі Жәнібек.
Еңбекқор әрі ізденімпаз балалардың қолынан шыққан сан алуан бұйымдар сапасымен, ұқыптылығымен, тың идеяларымен ерекшеленді.
– «Парктер шеруінің» басты мақсаты – бабаларымыздан аманат болып жеткен табиғат байлығын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу. Көрмеге қатысқан оқушылардың тұрмыстық қатты қалдықтардан жасаған бұйымдары ерекше әсер қалдырды. Бұл – ата-аналар мен ұстаздардың қолдауының, балаларға дұрыс бағыт-бағдар бере білген еңбегінің нәтижесі. «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөз жас ұрпақты табиғатты құрметтеуге, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді. Сондықтан табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді «Amanat» партиясы Кеген аудандық филиалының төрағасы Олжас Тақабаев.
Келесі кезекте Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рүстем Жеңісұлы сөз сөйлеп, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл акцияның маңызына тоқталды. Ол мектеп оқушыларының акция аясындағы жұмысқа белсенді қатысып, айналаның тазалығын сақтауға елеулі үлес қосып жүргенін атап өтіп, ризашылығын білдірді.
– Аудан ғана емес, Алматы облысы мен Алматы қаласының мектептерін қамтитын «Парктер шеруі» акциясының тарихы АҚШ-тан бастау алған. Биыл бұл іс-шара 19-рет ұйымдастырылып отыр. Акцияға ұлттық парк аумағымен шектесетін ауылдық округтердегі 10 мектептің оқушылары қатысып, табиғатты қорғау ісіндегі белсенділігін көрсетті. Олардың туған өлкені таза ұстауға, қоршаған ортаны қорғауға деген ынта-жігері ерекше қуантады. Сонымен қатар туған жерге арналған өлеңдері мен шығармашылық туындылары да жоғары бағаланды. Бүгін марапатталып отырған жеңімпаздар – соның айқын дәлелі, – деді «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Хамит Ағабекұлы.
Іс-шара соңында Хамит Ағабекұлы «Парктер шеруі» акциясының жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларына Алғысхаттар мен бағалы сыйлықтарды тапсырды.
Алматы облысы