Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы іс-шаралар ешқашан толастаған емес. Әсіресе ел билігі көкөніс қоймаларының тапшылығын жою міндетін жүктегелі бері өңірлерде жұмыс қыза түсті. Бұл бағытта Жамбыл өңірінде де ауқымды шаруалар атқарылып жатыр. Облыс орталығы Тараз қаласында салынған үлкен қойма – соның дәлелі.
Тараз қаласына қарасты Қоңыртөбе тұрғын алабында «TRZ AGRO» ЖШС-ның бастамасымен салынған жаңа көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді. Қойманың ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев агросекторды өркендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, кәсіпорын ұжымының қолға алған жобаларына сәттілік тіледі.
Ресми дерекке жүгінсек, іргелі жобаның құны 1,8 млрд теңгені құрап отыр. Көкөніс сақтау қоймасына 12 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік бар. Солтүстік Қазақстан облысында қолға алынған тиімді тәжірибені енгізу мақсатында мемлекет тарапынан 995 млн теңге көлемінде қолдау көрсетіліпті. Жауапты мамандардың айтуынша, осы бағыттағы жұмысты әрмен қарай сәтімен жалғастыруға мүмкіндік мол көрінеді.
«Бұл көкөніс қоймасы уақыт сұранысына сай заманауи технологиялармен жабдықталғанын айта кеткен ләзім. Мұндағы қондырғылар Нидерланд, Италия, Ресей Федерациясы секілді елдерден жеткізілген болатын. Біз үшін көкөніс өнімдерінің сапасын ұзақ уақыт лайықты сақтаудың маңызы зор. Сол үшін нидерландылық технологияның тәжірибесіне арқа сүйеп, еден асты желдету жүйесін қолданып отырмыз. Бұл жүйе қоймада сақталатын көкөніс сапасының бұзылмауын қамтамасыз етеді. Қысқасы, озық тәжірибелерді енгізу арқылы көш басында жүруді көздедік», дейді серіктестік директорының орынбасары Ернар Сауранбаев.
Мұндағы жұмыс барысымен танысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев етті тереңдетіп өңдейтін заманауи кешен мен жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін жылыжай кешені жобасының әлеуетін зерделеп, өз ойымен бөлісті.
«TRZ AGRO» ЖШС директорының орынбасары Ернар Сауранбаевтың айтуынша, етті терең өңдеу кешенінде шикізат толық кәдеге жаратылып, өндіріс қалдықсыз технология қағидатымен жүзеге асырылады. Қазіргі таңда нысан құрылысының шамамен 70 пайызы аяқталған. Кешен құрамында мал сою және бөлшектеу алаңы, шұжық өндіру, консервілеу цехтары, сондай-ақ қайта өңделген өнім негізінде үй жануарлары мен балықтарға арналған жем шығаратын цех жұмыс істейді.
Мұндағы жылыжай кешенінің бірінші кезеңінің құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр. Жобада температура мен ылғалдылықты автоматты түрде реттейтін жүйелерді, энергия үнемдейтін технологиялар мен өнімді қарқынды өсіру тәсілдерін енгізу көзделген. Бұл жоғары өнімділікке қол жеткізіп, жыл бойы сапалы өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Мамандар келтірген дерекке сенсек, үш жобаны жүзеге асыру арқылы 300 жаңа жұмыс орнын ашу мүмкіндігі туады. Оның ішінде көкөніс сақтау қоймасында 30-дан астам адамды маусымдық жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар екен.
«Мұндай ілкімді жобалардың өңір өмірінде алатын айрықша орны бар екенін атап өткен жөн. Біріншіден, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға айтарлықтай септігін тигізеді. Екіншіден, көкөніс сақтау және өткізу жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен сақтау мерзімін арттыруға ықпал етеді.
Жалпы, өңірде қолға алынған әрбір ауқымды жоба облыс әлеуетін үстемелей түсетіні даусыз. Сондықтан ет өңдеу кешені мен жылыжай құрылысының жүйелі түрде жүзеге асу үшін жергілікті атқарушы билік өкілдері жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Сонда ғана қолға алған шаруа уақтылы аяқталады», дейді өңір басшысы.
Ресми дерекке жүгінсек, Жамбыл облысы көкөніс және бақша дақылдарын өсіру бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Облыс республика мен ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Негізгі дақылдардың бірі – пияз. Бүгінгі күні өңір ішкі нарықтың пиязға деген сұранысын 100 пайыз қанағаттандырып отырғанын айта кеткен ләзім.
Аймақта жалпы сыйымдылығы 374 мың тоннаға жуық 123 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. 2028 жылға қарай бұл көрсеткішті 560 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.
Жамбыл облысы,
Тараз қаласы