Өңірімізде жастардың ғылым мен әлеуметтік жауапкершілікті ұштастырған бастамалары көбейіп келеді. Бірі ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған дамытушы құрал әзірлесе, енді бірі төтенше жағдайда адам өмірін құтқаруға бағытталған робот жасап шығарды. Бұл жобалар жас буынның жаңашыл ойы мен қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылысын айқындайды.
GPS-сіз іздеу роботы
Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебінің 11-сынып оқушылары ғылым мен технология саласында тың жаңалыққа бастар жол ашатын бірегей жобаны ұсынды. Жас өнертапқыштар шахталарда, түтінге толы ғимараттарда және үйінділер астында тиімді жұмыс істей алатын іздеу роботын жасап шығарды. Ең маңыздысы – бұл құрылғы спутниктік байланысқа немесе GPS жүйесіне тәуелді емес.
A.C.T.I.V.E деп аталған жоба бүгінде халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отыр. Аталған робот Local Pathing есептеу архитектурасына негізделген. Бұл жүйе спутниктік навигациясыз-ақ қысқа қашықтықтарда тиімді бағыт құруға мүмкіндік береді. Яғни құрылғы күрделі және сигнал қолжетімсіз кеңістіктерде де өз бетінше бағдар таба алады.
– Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – GPS те, дәстүрлі навигация да емес. Жүйенің басты ерекшелігі – роботтың спутниктік сигналсыз кеңістікте өздігінен бағдар таба алуы. Біз спутник қолжетімсіз жерлерде жұмыс істейміз: жабық ғимараттарда, шахталарда, түтінге толы нысандарда. Роботтың қондырмалары ауыстырмалы, сондықтан оны әртүрлі міндеттерге бейімдеуге болады – өнеркәсіптен бастап тау-кен металлургия саласына, сондай-ақ өрт кезіндегі құтқару операцияларына дейін, – деді жоба авторларының бірі Санжар Сәрсембаев.
Жобаны Санжар әріптестері Тарғын Файзулла және Арнұр Тоғамбаевпен бірге жүзеге асырған. Жас зерттеушілер бұл бағыттағы жұмысты былтыр бастап, қысқа уақыт ішінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Осы кезеңде олар роботтың бірнеше нұсқасын жасап, навигациялық алгоритмдерін жетілдіріп, толыққанды жұмыс істейтін платформаны құрастыра алды.
Еңбектің жемісі де көп күттірмеді. A.C.T.I.V.E жобасы Infomatrix Asia 2026 халықаралық олимпиадасында Hardware Control санаты бойынша бірінші орынды иеленді. Бұл жеңіс жас өнертапқыштардың әлеуетін танытып қана қоймай, олардың кәсіби болашағына да жол ашты. Атап айтқанда, Санжар Сәрсембаев осы жетістігінің арқасында Алматы энергетика және байланыс университетінің білім грантын жеңіп алды.
– Бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдаланамын, ол кәсіби дамуға үлкен мүмкіндік ұсынады. Роботтехника және IT саласында білім алуды жоспарлап отырмын. Болашақта автономды жүйелер мен роботтандырылған шешімдерді әзірлеумен айналысамын. Елімізде бұл саланың әлеуеті жоғары, мен оның дамуына үлесімді қосқым келеді, – дейді өнертапқыш өрен.
Қарағандылық оқушылар жобаны әрі қарай дамытып, іздеу роботын нақты өндірістік және төтенше жағдайлар саласында қолдануға бейімдеуді көздеп отыр. Жас өнертапқыштардың бұл бастамасы отандық роботтехника саласының дамуына серпін беріп, еліміздегі инновациялық жобалардың көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз.
Ерекше балаларға бағдар
Қарағанды облысының белсенді жастары қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелердің біріне назар аударып, Даун синдромы бар балаларды қолдауға бағытталған тың жобаны жүзеге асыруда. Enactus Buketov University командасы әзірлеген бұл бастама облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Айжан Қиясова мен Жастар ресурстық орталығының демеуімен қолға алынған.
Жоба авторларының айтуынша, идея нарықты зерттеу барысында туындаған. Жоба жетекшісі Амира Әбілдина дамытушы құралдардың сапасы мен мазмұнына қатысты олқылықтарды атап өтті.
– Біз балаларға арналған көптеген ойыншықтар мен құралдардың шамадан тыс ашық түстермен жасалатынын байқадық. Бұл кейбір балалар үшін қабылдауды қиындатады. Сондықтан біз білім беру мен ойын элементтерін үйлестіретін, баланың сезіну қабілетін дамытатын арнайы тактильді кітап жасауды жөн көрдік, – дейді ол.
Жобаның негізгі өнімі – картон мен фетрден құрастырылған интерактивті кітап. Онда түрлі жапсырмалар мен қозғалмалы элементтер қарастырылған. Мұндай тәсіл балалардың ұсақ моториканы, зейінді және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Жобаны әзірлеу барысында студенттер арнайы әдебиеттер мен әдістемелік еңбектерге сүйенген. Сондай-ақ сарапшы ретінде академик Қ.Сағынов атындағы колледж-мектептің балалар психологі Роман Устименко кеңес берген.
– Әртүрлі текстуралар мен қозғалмалы элементтер баланың ұсақ моторикасын жетілдіреді. Ал бұл өз кезегінде сөйлеу мен ойлау қабілетіне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар мұндай тапсырмалар зейінді шоғырландыруға, басталған істі аяқтауға, себеп-салдарлық байланыстарды түсінуге үйретеді. Жүйелі әрі тыныш мазмұн мазасыздықты төмендетуге де көмектеседі, – дейді білікті маман.
Тактильді кітаптың тұсаукесері ерекше балаларға арналған даму орталықтарының бірінде өткен. Жас қатысушылар жаңа құралды қызығушылықпен қабылдап, ұсынылған тапсырмаларды белсенді орындаған көрінеді.
Ата-аналар да жобаның маңызын жоғары бағалаған. Ерекше қажеттілігі бар баланың анасы Айжан Құсайынова мұндай бастамалардың қоғамға аса қажет екенін атап өтті.
– Біз балаларымыздың дамуына көмектесетін тиімді тәсілдерді үнемі іздейміз. Кейде маңызды дүниелер ескерусіз қалып жатады. Осындай кітаптар сол олқылықтың орнын толтырып, балаға жаңа мүмкіндіктер ашады, – дейді ол.
Жобаның алғашқы кітабы отбасылық құндылықтар мен жақындар арасындағы қарым-қатынасқа арналған. Ондағы кейіпкерлер – қоян, тасбақа және үкі балаға ана, әке, ата-әже, аға-әпкемен байланыс орнатудың маңызын түсіндіреді. Әр бетте тапсырмалар мен мәтіндер қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған.
Алдағы уақытта жоба авторлары осындай мазмұндағы үш кітаптан тұратын толыққанды серия шығаруды жоспарлап отыр. Бұл бастама ерекше балалардың дамуына қолдау көрсетіп қана қоймай, қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға да өз үлесін қоспақ.
Қысқасы, әлеуметтік қолдаудан бастап жоғары технологияларға дейінгі бағыттарды қамтыған бұл бастамалар елдегі инклюзивті орта мен инновациялық әлеуеттің қатар дамып келе жатқанын аңғартады. Ең бастысы – мұндай жобалар қоғам игілігіне қызмет етіп жатса, зейінді жастардың үмітті ақтап, үлес қосқаны.
Қарағанды облысы