Түркістан қаласында 512 отбасы, яғни 3 мыңнан астам адам баспаналы болды. Қаладағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде Мемлекеттік рәміздер күні қоныстойын тойлаған отбасылардың қатарында әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар, көпбалалы отбасылар бар.
Түркістандықтардың қуаны-шын бөлісуге барған облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтер кілттерін табыс етіп, ізгі тілегін жеткізді.
«Қазақ халқы «Үйі бардың – күйі бар» дейді. Расында, баспана – әр отбасының бақыты мен берекесінің, тұрақтылығы мен тыныштығының негізі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуді үнемі басты міндет ретінде белгілейді. Осы міндеттерді жүйелі жүзеге асырудың нәтижесінде өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, мыңдаған азаматтың тұрғын үй мәселесі шешімін тауып жатыр. Былтыр тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3 564 пәтер берілсе, осы жылы 2 292 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Бүгін тағы да 512 отбасының қуанышы еселенді. Бұл үйлердің жайлы әрі көрікті болуы тұрғындардың өздеріне байланысты. Сондықтан баршаңызды ауланың тазалығын сақтауға, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырамын. Өйткені дәл осы аулада өз балаларыңыз өсіп, тәрбиеленіп, алаңсыз ойнайды», деді Нұралхан Оралбайұлы.
Былтыр мамырда күшіне енген тұрғын үй заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезектілігін жүргізу, тұрғын үйлерді бөлу функциялары «Отбасы банк» АҚ-ға берілді. Түркістанда баспана кілтін алған тұрғындар – жаңа тәртіппен «Отбасы банк» арқылы іріктеліп, жолдама алған алғашқы азаматтар.
Сондай-ақ бұл күні Созақ ауданы орталығындағы Жеткіншек шағын ауданында 29 отбасына жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табыс етілді. Жаңа баспаналар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға берілді. Іс-шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа пәтер иелерін құттықтап, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасатынын атап өтті. Баспана иелері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп, қуаныштарын жиналған жұртшылықпен бөлісті.
Бүгінде Жеткіншекте тұрғын үй құрылысы қарқынды жалғасып жатыр. Қазірде пайдалануға дайын тағы 47 пәтер бар. Құжаттандыру рәсімдері аяқталған соң бұл баспаналар да кезең-кезеңімен өз иелеріне табысталады. Сонымен қатар 20 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК»АҚ-тың еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Түркістан облысы