Биылғы 1 қаңтардан бастап елімізде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін қаражатқа жеке табыс салығы салынбайды. Жаңа Салық кодексіндегі бұл өзгеріс қызу талқыланған мәселеге айналды. Себебі кейінгі бірнеше жылда мыңдаған отандасымыз зейнетақы жинағындағы «артық ақшасын» тұрғын үй алуға, ипотека жабуға немесе емделуге пайдаланып, сол кезде 10 пайыз салық төлеген еді. Енді көпшіліктің көкейінде «бұрын төленген салық қайтарыла ма?» деген сұрақ тұр.
Бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынатын төлемдер табыс ретінде есептеліп, оған 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығы салынатын. Бұл талап міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан барлық төлемге ортақ болды. Қолданыстағы жүйеде азаматтарға екі түрлі таңдау берілген-тін. Бірі – салықты ақша түскен сәттен бірден төлеу. Екіншісі – салықты кейінге қалдырып, зейнетке шыққан кезде бөліп өтеу.
Зейнетақы қорындағы жинақты пайдаланған кезде кей азаматтар жеке табыс салығын кейін төлеу тәсілін таңдаса, енді бірі салығын сол мезетте бірден төлеп тастаған еді. Қазір заң өзгеріп, кей нормалар күшін жойған соң көпшілік салған ақшасы қайтады деп үміттеніп жүр. Бірақ салық маманы Балжан Бақытқалиқызының сөзінше, заңның кері күші болмайды.
«Жаңа Салық кодексі аясында зейнетақы қорынан ақша алған кезде жеке табыс салығы ұсталмайды. Бірақ бұрын төленген салық кері қайтарылмайды. Себебі заң бүгін қабылданса, ол ертеңнен бастап күшіне енеді, бірақ бұрынғы кезеңге қолданылмайды. Кей жағдайда ғана ерекше ретроспективті нормалар болуы мүмкін. Бірақ тура осы санатқа ондай тетік қарастырылмаған. Сондықтан бұрын бюджетке аударылып кеткен салық қайтадан зейнетақы қорына қайтарылмайды», дейді маман.
Ал егер азамат «салықты зейнетке шыққанда ұстасын» деген белгіні қойған болса ше? «БЖЗҚ» акционерлік қоғамы филиалының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов бұл сұраққа жауап берді. «Тұрғын үйге немесе емделуге пайдаланылған зейнетақы жинақтарына қатысты кейінге қалдырылған жеке табыс салығы міндеттемелері толықтай жойылды. Яғни зейнетақы қорындағы артық ақшасын пайдаланып, салық төлеуді кейінге қалдырғандар енді бұл салықты төлемейді. Жаңа Салық кодексіне байланысты мұндай міндеттеме жоқ енді. Алайда Кодексте бұрын ұсталған немесе төленген жеке табыс салығын кері қайтару қарастырылмаған», деді М.Шәріпов.
Өзгерістер ерікті зейнетақы жарналарына да қатысты. Жаңа кодекс бойынша 2026 жылдан бас-тап ерікті зейнетақы жарналарына берілетін салықтық шегерімдер жойылады. Ерікті жарналар есебінен төленетін қаражат та жеке табыс салығынан босатылады. Сонымен қатар жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары да кезең-кезеңімен өсіп келеді. Биыл оның мөлшері қызметкер жалақысының 3,5 пайызына дейін көтерілді. Бұл жүйе негізінен 1975 жылдан кейін туған азаматтарға арналған. Себебі олардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі аз немесе мүлде жоқ.
Нәтижесінде, болашақта мұндай азаматтардың зейнетақысы үш бөліктен құралады. Біріншісі – мемлекет төлейтін базалық зейнетақы, екіншісі – азаматтың өз жинағы, үшіншісі – жұмыс беруші аударатын міндетті зейнетақы жарналары. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, қазір қор активтері 25,9 трлн теңгеге жеткен. Кейінгі бес жылда отандастарымыз тұрғын үй, емделу және өзге де мақсаттарға шамамен 5,7 трлн теңге пайдаланған. Оның едәуір бөлігі ипотека мен кредит жабуға жұмсалған.