Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) қаржылық дағдарыс қаупімен бетпе-бет келді. Бұл туралы Уолл-стрит журналы хабарлады. Басылымның мәліметінше, АҚШ-тың БҰҰ алдындағы қарызы 4 миллиард доллардан асса, Қытайдың берешегі 455 миллион долларды құрайды. Дегенмен Қытай сыртқы істер министрі Ван И мамыр айының соңында ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріне сапары кезінде шамамен 850 миллион доллар аударған, деп жазады Egemen.kz.
Сарапшылардың айтуынша, БҰҰ бюджетінің шамамен 42 пайызы АҚШ пен Қытайдың жарналары есебінен қалыптасады. Қытай өз міндеттемелерін толық орындауға ниетті екенін мәлімдеген. Ал АҚШ болашақтағы қаржылық қолдауын ұйым шығындарын қысқартумен байланыстырып отыр.
Вашингтон БҰҰ-дан қызметкерлер санын азайтуды, бизнес-класпен ұшатын іссапарларды қысқартуды және аударма жұмыстарында машиналық аударма технологияларын кеңінен пайдалануды талап етіп отыр.
675 сәтті операция: БҰҰ қазақ бітімгерлерінің қызметін жоғары бағалады
Сонымен қатар ұйымды қаржыландыратын өзге де ірі донор елдер шығындарын азайта бастаған. Атап айтқанда, Ұлыбритания мен Германия үнемдеу саясатына байланысты аштық пен аурулармен күресуге арналған гуманитарлық бағдарламаларды қаржыландыруды қысқартқан. Ал Швеция мен Нидерланды ішкі саяси өзгерістерге байланысты қолдау көлемін төмендеткен.
Егер жағдай өзгермесе, БҰҰ-ның қаржы қоры биылғы тамыз айының ортасына қарай таусылуы мүмкін.