Ақтаудағы №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында төрт жастағы баланың жарақат алуына байланысты қызметтік және сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Lada.kz-тің мәлімдеуінше баланың ата-анасы 27 мамыр күні кешке ұлын үйіне алып кеткен кезде баланың денесінен көгерген іздер мен сызаттарды байқаған. Осыдан кейін олар мекеме әкімшілігінен түсініктеме талап етіп, кейін полиция мен прокуратураға арыз жазған.
Ата-аналардың мәліметінше, орталық қызметкерлері жарақаттарды басқа тәрбиеленуші салуы мүмкін екенін айтқан. Сондай-ақ олар әртүрлі жастағы балалардың бірге орналастырылуы мен мекемедегі санитарлық жағдайға қатысты да шағымдарын жеткізді.
Ақтөбеде футбол қақпасы баланың үстіне құлады
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы оқиғаның болғанын растады. Ведомствоның алдын ала мәліметіне сәйкес, кезекшілік кезінде жауапты қызметкер өз міндетін тиісінше орындамағандықтан балалар бақылаусыз қалған. Сонымен қатар, оқиға туралы орталық басшылығы мен баланың заңды өкілдеріне дер кезінде хабар берілмеген.
Қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылып, жан-жақты қызметтік тексеру жүргізілуде. Тексеру барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы, мекеме жұмысының ұйымдастырылуы және лауазымды тұлғалардың әрекеттері бағаланады.
Ақмоладағы балабақшада болған жанжал: Тәрбиеші жұмыстан шығарылды
Полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Тергеу нәтижесінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Өңірлік билік бұл мәселені ерекше бақылауға алып, кінәлілер анықталған жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.