Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Астанадағы М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Театр ұжымы бұл жаңалықты отандық мәдениетке көрсетілген үлкен құрмет пен шығармашылық ұжымның көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға ретінде қабылдап, Мемлекет басшысына алғыс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл 125 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан театр еліміздегі ең көне мәдени ошақтардың бірі саналады. Ұжым өкілдерінің айтуынша, ұлттық мәртебе беру туралы шешім театр тарихындағы маңызды әрі тарихи оқиға болды.
Театр директоры Ғани Кәрімов Президенттің бұл шешімі ұжым үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл театр қызметкерлерінің ұзақ жылдар бойғы еңбегі мен шығармашылық ізденістерінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.
Президент тапсырмасы: Қызылордада жаңа драма театры мен заманауи кітапхана бой көтереді
Бүгінде театр қазақ драматургиясының үздік туындыларын орыс тілінде сахналап, ұлттық мәдениетті насихаттауға үлес қосып келеді. Репертуарында «Шыңғыс хан», «Хан Кене», «Томирис – сақ патшайымы», «Әлия», «Сәкен Сейфуллин» секілді тарихи тұлғалар мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қойылымдар бар.
Сонымен қатар театр Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде танытып келеді. Ұжым SAMGAU фестивалінің Гран-при жүлдесін жеңіп алған, «Ресейдегі кездесулер» және «Алтын Витязь» фестивальдеріне қатысқан. Театр Сербия, Қытай, Испания және Венгрия елдерінде гастрольдік сапарлар жасап, шетелдік көрермендерді қазақстандық театр өнерімен таныстырды. 2023 жылы театр UMAI ұлттық сыйлығының «Үздік драмалық спектакль» аталымында жеңімпаз атанды.
Алматыдағы театрлардың біріне Асанәлі Әшімовтің есімі берілді
Театр басшылығының пікірінше, ұлттық мәртебе шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейтіп, халықаралық әріптестікті нығайтуға жол ашады. Болашақта театр қазақстандық драматургтермен ынтымақтастықты күшейтіп, жас таланттарды қолдауға және қойылымдардың сапасын арттыруға басымдық бермек. Сондай-ақ халықаралық мәдени байланыстарды дамыту және театрдың техникалық базасын жаңғырту жұмыстары жалғасады.