Мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы – шағын және орта кәсіпкерліктің өркен жаюына қолдау көрсету. Бірақ жергілікті биліктің тарапынан кәсіп ашқандарға түрлі бөгет жасалып отыр.
Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың дерегіне сүйенсек, былтыр кәсіпкерлерден құқығы мен заңды мүддесін қорғау үшін 117 өтініш қаралыпты. Нәтижесінде, 45 өтініш кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, кәсіп иелерінің 3,45 млрд теңгеден асатын мүліктік құқығы қалпына келтірілген.
«Палата сарапшылары 10 сот процесіне қатысты. Сегіз сот отырысының шешімі кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Сервистік қолдау көрсету аясында шағын және орта кәсіпкерліктің 678 субъектісіне 693 қызмет көрсетілді. Қолдаудың негізгі түрлеріне бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, статистикалық есептілік жасау, бизнес-жоспар әзірлеу қызметтері кірді», дейді Н.Сүйінбаев.
Палата көмегіне жүгінетін кәсіпкерлер аз емес. Соның бірі – Вера Щербакова. Мұнайлы шаһарда 30 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысатын ол жер учаскесіне қатысты түйткілге тап болған. Өйткені оның кәсіпкерлік қызметін жүзеге асырып отырған орны «Ақ Жайық» қонақүйінің жанында орналасқан.
Кәсіпкердің айтуынша, оған белгісіз адамдар келіп, бизнесін сатуды ұсыныпты. Ол бұл ұсыныстан бас тартқан. Ал бірнеше аптадан кейін оған әкімдіктен жер учаскесінің мемлекет қажеттілігі үшін мәжбүрлі түрде алынатыны туралы хабарлама жіберілген.
«Барлығы әкімдікке сілтейді. Ал әкімдіктен тек ресми жауаптар келеді. Мәжбүрлі алып қою туралы заң бар екенін білемін. Бұл шара қаланың игілігі үшін қаншалықты қажет? Неліктен жұмыс істеп тұрған екі ғимаратты бұзу керек?», дейді В.Щербакова.
Бұл мәселе палата жанындағы кеңес отырысында қаралды. Атырау қалалық әкімдігі өкілдерінің айтуынша, жер учаскесін алып қою қала әкімі қаулысының негізінде жүзеге асырылады.
«Абай көшесіндегі көпір мен жолды жөндеу аясында автотұрақ салу бастамасы көтерілген еді. Біз, жұмыс органы ретінде жер учаскесін алып қою рәсімін орындаймыз. Әкімнің қаулысы шыққаннан кейін учаске иесіне хабарлама жіберіледі. Одан соң 10 жұмыс күні ішінде құжаттары тапсырылуға тиіс. Осы құжаттар негізінде тәуелсіз бағалау жүргізіледі. Алайда бұл жағдайда меншік иесінен құжаттар әлі түспегендіктен процесті жалғастыруға мүмкіндік болмады», дейді Атырау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне қарасты «Бас жоспар орталығы» КММ бөлім басшысы Абзал Назаров.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сарсенбай Жолдыбаевтың пікірінше, сан алуан кедергі тап болған кәсіпкерлер аз емес. Сол себептен палата қызметкерлерінің басты міндеті – кәсіпкердің құқығын қорғау, заң нормаларының сақталуына ықпал ету. Сондықтан түйткілді мәселенің туындау себебі терең зерделенеді.
«Біз әкім қаулысының құқықтық негізінің бар екенін жоққа шығармаймыз. Алайда бір жыл бойы бұл мәселе оң шешімін таппады, тіпті ілгері қозғалған да жоқ. Бұл кәсіпкер үшін күрделі салдарға әкеліп отыр. Оның нысанын жалға алушылар кетіп жатыр. Кәсіпкер шығынға ұшырады. Нысанды бағалау да, өтемақы да жоқ. Оған баламалы жер учаскесі де ұсынылмаған. Егер заңда барлық рәсім қарастырылған болса, онда неге процесс ілгері жүрмей тұр?», дейді ол.
Ал «Алғыс 2030» ЖШС басшысы Нұрлан Отарбаев 20 жылдан бері кәсіппен айналысады. Қазір 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жергілікті әкімдікке жер учаскесін кеңейту туралы өтініш бергенімен, мәселесі оң шешімін таппаған.
«Маған әртүрлі себепті айтып, жерімді кеңейтуден бас тартты. Бірде бұл жерге автотұрақ салынады деді. Енді бірде стадион салынады дейді. Ал іс жүзінде жер телімі бос жатыр. Әкімдік әдейі кедергілер жасап отырған сияқты», деп шағымданды кәсіпкер Нұрлан Отарбаев.
Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары жауапты органдар тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің бұзылғанын, кәсіпкердің құқығы шектелгенін анықтады. Бұл деректі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің өкілдері де растапты.
«Бір өтінішке неге екі түрлі жауап берілді? Осы мысал негізінде әкімдік пен жауапты органдар бірлесіп, бұдан былай мұндай жағдай қайталанбауы үшін нақты шаралар қабылдауы керек. Өйткені бұл – жалғыз жайт емес», дейді С.Жолдыбаев.
Әкімдік тарапынан кедергіге жеке кәсіпкер Азамат Тілепқалиев те тап болды. Оның айтуынша, биылғы
3 сәуірде қалалық әкімдік пен полиция өкілдері оған тиесілі балалар аттракционы – жылжымалы карусельді алып қойған. Бірақ ешқандай процессуалдық құжаттар рәсімделмеген.
«Айналмалы аттракционды өз қаражатыма сатып алдым. Қазір мүлкімді әкімдік өкілдері ешқандай әкімшілік хаттама толтырмай алып қойды, электрондық үкіметтегі e-өтініш арқылы барлық органға жаздым. Бірақ еш нәтиже болмады. Өтінішімді бір органнан екіншісіне жібере береді. Егер тәртіп бұзсам, айыппұл салып, мүлкімді қайтарсын. Карусель – жылжымалы, ешкімге кедергі келтірмейді. Қандай құжаттар керек екенін айтсын, бәрін тапсырамын. Мені сенделтіп қойғанына 20 күннен асты», деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылмаған, әкімшілік іс те қозғалмаған. Тіпті соттың шешімі жоқ.
Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, мүлікті алып қою құқықтық негізсіз, еркін нысанда жасалған актімен рәсімделген. Құжатты қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы жасап, оған полиция қызметкерлері қол қойған.
«Мәселені мүмкіндігінше сотқа дейінгі тәртіппен реттеу үшін кеңеске шығардық. Әйтпесе сот органдарына жүгінеміз. Лауазымды тұлғалар әрекетінің заңдылығын қадағалау органдары тексеруге тиіс», дейді С.Жолдыбаев.
Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Зәмзәгүл Шалабаеваның мәлімдеуінше, қала әкімнің өкімімен құрылған арнайы жұмыс тобы бар. Бұл топ шаһардағы қоғамдық орындарда бизнестің заңдылығын тексереді.
«Саябақтарда, өзен жағалауы мен алаңдарда кәсіпкерлік қызметтің заңдылығы тексеріліп, бизнес субъектілеріне түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Бұл жағдай жөнінде нақты ештеңе айта алмаймын. Өйткені мен сол жерде болған жоқпын. Егер оның барлық құжаты дұрыс болса, мүлкін еш қиындықсыз қайтарып алуына болады», дейді әкімдік өкілі.
Атырау қалалық прокуратурасының өкілі Нұрболат Рзабектің дерегіне сүйенсек, кәсіпкер Азамат Тілепқалиевтің өтінішін қарауға алыныпты. «Өтініш бар, қазір қаралып жатыр. Тексеру жүргізіледі, жағдай жан-жақты зерделеніп, белгіленген мерзімде жауап беріледі», деді ол.
Қызылқоға ауданында тұратын кәсіпкер Нұрбол Жарылғасиннің құс шаруашылығын жүргізу үшін алған жер телімі бар. Жер телімінің маңынан «Кереген–Сағыз–Жамансор» топтық су құбыры өтеді. Су құбырына «Сағыз Су Арнасы» ЖШС иелік етеді. Жергілікті кәсіпкер шаруашылық қызметін қамтамасыз ету мақсатында техникалық шарттар алу үшін аталған серіктестікке жүгінген.
«Өткен жылдың қыркүйек айында «Сағыз Су Арнасы» ЖШС маған техникалық шарттар берді. Соған сәйкес қосылу нүктесі жер телімінен 600 метр қашықта төмен орналасқан аумақта белгіленді. Ал менің жер телімім биіктеу жерде орналасқан. Бұл судың қозғалыс бағытына қарсы құбыр тартуды, сорғы жабдықтарын орнатуды, қосымша жер қазу жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Салдарынан елеулі қаржы шығындадым. Осыған байланысты Қызылқоға ауданының әкімдігіне шағымданып, кәсіпкерлер палатасына жүгініп отырмын», деп түсіндірді Н.Жарылғасин.
Қызылқоға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаровтың пікірінше, кәсіпкердің өтінішіне байланысты «Сағыз Су Арнасы» ЖШС-не хат жолданыпты. Алайда серіктестіктің жауабында қосымша қосылу нүктесін орнату су қысымының төмендеуіне соқтыру мүмкін екені айтылып отыр. Сол себептен бұрын шығарылған диаметрі 65 мм құбырдан су алу ұсынылыпты.
«Кәсіпкер бізге өткен жылы жүгінді. Біз су құбырын теңгеріміне алған «Сағыз Су Арнасы» ЖШС-ға хат жолдадық. Серіктестік рұқсатын берді. Алайда кәсіпкер ұсынылған қосылу нүктесімен келіспеді. Біз серіктестікке қайта жүгініп, ең жақын нүктеден рұқсат беруін сұрадық. Серіктестіктен бас тарту туралы жауап келді. Өз тарапымыздан арна қазуға техникамен көмектесуді ұсындық. Алайда кәсіпкер келіспеді», деп түсіндірді Е.Құмаров.
Ал «Сағыз Су Арнасы» ЖШС директоры Самат Мұхитов магистралдық су құбыры былтыр теңгерімге алынған. Оның негізгі мақсаты – нысандарға су жеткізу.
«Мұндай құбырға тұтынушылар үшін қосымша тесік жасауға болмайды. Алайда бұл бұрын, біз теңгерімге алмағанға дейін жасалған. Сол себепті бар нүктеден кәсіпкерге рұқсат беріп, техникалық шарттар ұсындық. Бірақ кәсіпкер өз жеріне жақын тұстан қосылу нүктесін талап етіп отыр. Бізде бұзуға болмайтын нормалар мен ережелер бар. Егер ол берілген қосылу нүктесімен келіссе, біз көмектесуге дайынбыз», дейді ол.
Қызылқоға аудандық прокуратурасының өкілі Әділ Сисеновтің айтуынша, аталған мәселеге аудан әкіміндігіне сұрау салыныпты. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі жолдаған жауапқа талдау жасалған.
«Кейін нысан «Сағыз Су Арнасы» ЖШС-ның теңгеріміне өткендіктен материалдарды қайтадан әкімдікке жолдадық. Барлық құжат қайта қаралады. Ал заң бұзушылықтар анықталса, прокурорлық ден қою шаралары қабылданады», деді ол.
Өңірлік палата қызметкерлері де кәсіпкердің өтінішіне зерделеу жүргізді. Құбырдан су алу нүктесіне талдау жасалды.
«Магистралдық құбырдың қолжетімді қуаты жүйеге қосылған тұтынушылар саны мен олардың су тұтыну көлеміне байланысты деп санаймыз. Ал су жүйесіне қосылу орны судың қысымына әсер етпейді. Сонымен қатар су құбырына қол жеткізу нүктесі жер телімінің шекарасында болуға тиіс. Берілген техникалық шарт кәсіпкерге қосымша талаптар жүктейді деп есептейміз», деп мәлімдеді С.Жолдыбаев.
Бұл мәселеге байланысты өңірлік палата Қызылқоға ауданының прокуратурасына арнайы хат жолдады. Хатта «Сағыз Су Арнасы» ЖШС берген техникалық шарттардың заңдылығын тексеру және кәсіпкердің жер телімінің шекарасында қосылу нүктесін айқындау мәселесін қарау туралы ұсыныс бар.
Мұнайлы өңірде шағын және орта бизнестің иелерін тұйыққа тірейтін осындай кедергілер азаймай отыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері кәсіп иелерінің өтінішіне байланысты материалдарды алдын ала талдау кезінде бірнеше түйткілді жайттың барын жоққа шығармайды.
«Материалдарды алдын ала талдау лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін асыра пайдалану және теріс пайдалану, өз бетінше әрекет ету белгілерінің болуы мүмкін екенін көрсетті. Олардың әрекеттері кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу ретінде бағалануы мүмкін. Бұл фактілерді қадағалау органы тексеріп, заң бұзушылықтар расталған жағдайда палата әр кәсіпкердің құқын сотта қорғауға қолдау көрсетеді», деп хабарлады кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Атырау облысы