• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 13:20

Нұрсұлтан Шоқанов: Алматы Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталығына айналуы мүмкін

Қазақстан альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов Алматының Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыдағы тау инфрақұрылымын дамытуға арналған талқылау барысында Нұрсұлтан Шоқанов қаладағы тау кластеріне түсетін жүктеменің жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі инфрақұрылым сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр.

«Біз күн сайын инфрақұрылым тапшылығын және Алматы тау кластеріне түсетін жүктеменің артып жатқанын көріп отырмыз. Қаланың әрі қарай дамуы үшін нақты қандай шешімдер қажет екенін жақсы түсінеміз», деді ол.

Шоқановтың айтуынша, бүгінде Алматы – Қазақстандағы спортшыларға жыл бойы толыққанды дайындық жасауға мүмкіндік беретін жалғыз қала. Қазіргі таңда альпинизм және спорттық құзға өрмелеу бойынша ұлттық құраманың 60 пайыздан астамын алматылық спортшылар құрайды.

«Мифпен өмір сүруді доғарайық»: Қоғам қайраткері «Almaty Superski» жобасын қолдауға шақырды

Федерация президенті Almaty Super Ski жобасы аясында 150 шақырымнан астам жаңа шаңғы трассасын салу жоспарланып отырғанын айтты. Жоба Шымбұлақ, Пионер, Oi-Qaragai, Кимасар және Бутаковка курорттарын біртұтас жүйеге біріктіруді, сондай-ақ Көкжайлау бағытын дамытуды көздейді.

«Алматының Орталық Азиядағы ең ірі тау туризмі орталығына айналуына барлық алғышарт бар,» деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Ол бұл бағыт тек шаңғы трассалары мен аспалы жолдар салумен шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, саланы толыққанды дамыту үшін қонақүйлер, көлік қолжетімділігі, инженерлік желілер, қауіпсіздік жүйелері және заманауи сервистік инфрақұрылым қатар дамуы қажет.

Спикер туризм саласының экономикалық әлеуетіне де тоқталды. Оның мәліметінше, тек 2025 жылдың өзінде Алматыға шамамен 2,5 миллион турист келген. Ал туристік қызметтердің көлемі 110 миллиард теңгеден асқан.

«Қосымша бір миллион турист өңір экономикасына шамамен 900 миллион доллар тікелей экономикалық әсер әкелуі мүмкін», деді федерация президенті.

Сондай-ақ, ол Алматы үшін өз әлеуетін кәсіби, жүйелі әрі экологиялық талаптарды сақтай отырып дамыту маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше Орта Азия елдері арасында туризм саласында бәскелестік артқан. Бұл бағытта Қырғызстан халықаралық туристік бағыттарды белсенді дамытса, Қытай қысқы спорт түрлеріне жүйелі түрде инвестиция құюда.

Жиында Алматыны дамыту орталығы жанындағы жобалық кеңсенің «Көлік жүйесін дамыту» базалық бағытын іске асыру тобының жетекшісі Артур Шахбазян Көкжайлауға арнайы шаттлдар қатынайтынын айтты. 

Соңғы жаңалықтар