• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 12:41

Мамандық таңдау: Түлектер нені ескеруі керек?

Алдағы он жылда Қазақстанда түрлі сала бойынша миллиондаған маман қажет болады деген болжам бар. Әсіресе жұмысшы мамандықтарына, білім беру саласына, медицинаға, құрылыс пен ауыл шаруашылығына сұраныс жоғары сақталады. Өндіріс орындарының көбеюі мен аймақтардың дамуы инженерлер мен техникалық мамандарға деген қажеттілікті арттырып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Профориентолог Измахан Толқынның айтуынша, Қазақстанда ең жоғары сұранысқа ие салалардың бірі – IT бағыты. Бұл тек елімізде емес, бүкіл әлемде қарқынды дамып жатқан сала. Жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, Big Data және цифрлық технологиялардың дамуы бағдарламашы, IT-инженер, аналитик сияқты мамандарға сұранысты арттырып отыр. Сарапшының айтуынша, қазіргі жастар үшін тек диплом жеткіліксіз. Бүгінгі заманда ең маңызды қабілеттер – жасанды интеллектпен жұмыс істей білу, жылдам бейімделу және мықты коммуникация дағдылары. Сарапшы педагогика, медицина, техникалық және IT мамандықтар болашақта да сұраныста болатынын атап өтті.

Соңғы қоңырау: Елімізде 215 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025-2026 оқу жылында Қазақстанда 73,5 мың студент мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орындарына қабылданған. Бұл жалпы студенттердің шамамен 35,2%-ын құрайды. Сондай-ақ 26,2 мың студент әлеуметтік және квоталық санаттар арқылы грант иегері атанған.

Соңғы бір жылда жоғары оқу орнына түскен студенттердің шамамен төрттен бірі мұғалімдік мамандықты таңдаған. Бұл көрсеткіш инженерлік және құрылыс салаларынан да жоғары болды. Сарапшылар мұны педагогтердің мәртебесінің артуымен, жалақының көтерілуімен және мемлекеттік гранттардың көбеюімен байланыстырады. Қазіргі жастар арасында әсіресе бастауыш сынып, ағылшын тілі, информатика және математика пәні мұғалімдеріне қызығушылық жоғары болып отыр.

Халықаралық кәсіби бағдар берушілер қауымдастығының мүшесі Динара Оспанова мамандық таңдауда жас жігіттер мен қыздар жиі жіберетін үш қателікті атап өтті.

Бірінші қателік – баланың бейімі мен қызығушылығын емес, мамандықтың беделі мен табысын бірінші орынға қою. Бұл кейін кәсіби күйзеліске, мотивацияның жоғалуына алып келуі мүмкін. Екінші қателік – еңбек нарығын зерттемеу. Кейбір мамандықтарға бүгін сұраныс жоғары болғанымен, 4-5 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін. Үшінші қателік – оқу орны мен мамандықты шатастыру. Жұмыс беруші үшін дипломнан бұрын нақты дағды мен кәсіби біліктілік маңызды.

Динара Оспанованың айтуынша, жасанды интеллект мамандықтарды толық жоймайды, бірақ олардың мазмұнын түбегейлі өзгертеді. Бірсарынды жұмыстар автоматтандырылуы мүмкін, алайда шығармашылықты, эмоциялық интеллектіні және терең талдауды қажет ететін журналист, мұғалім, дәрігер сияқты кәсіптерді ЖИ толық алмастыра алмайды. Сондықтан болашақтағы ең маңызды қабілет – технологияны құрал ретінде пайдаланып, өзгеріске бейімделу.

Мамандар пікірінше, талапкерлер мамандық таңдағанда тек жеке қызығушылықты ғана емес, еңбек нарығындағы сұраныс пен грант бойынша бәсекені де ескергені жөн.

Педагогика мен IT, медицина мен инженерия ең сұранысқа ие мамандықтар болып қала береді. Сарапшылар мамандық таңдағанда әр түлек өз қабілеті мен нарық сұранысын ұштастыра білу керегін айтты. Өйткені ертеңгі еңбек нарығы дипломды емес, білікті маманды бағалайды.

Жанбота БАХЫТБЕК,

ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар