Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында мектептер салу және балаларға жайлы білім беру ортасын қалыптастыру тұрғысында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бірқатар мектеп пен оқушылар сарайының құрылыс барысымен танысқанын айтқан Астана әкімі жаңа оқу жылында тағы 12 оқу орны ашылатынын мәлімдеді.
«Мәселен, соңғы жылдары 44 мектеп салдық. Осы шаралар қолданыстағы мектептерге түсетін салмақты едәуір азайтып, қосымша оқушы орындарын ашуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік инфрақұрылымға қажеттілік жоғары аудандарға айрықша назар аударып отырмыз», деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Астана мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесі қалай шешілмек?
Әкімнің айтуынша, 2027 жылға арналған дайындық жұмысы да жүргізіліп жатыр. Жобалық және қала құрылысына қатысты құжаттамалар әзірлеу ісі қолға алынған. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін қалада 140-қа жуық жаңа мектеп салу көзделіп отыр.
«Сондай-ақ биыл тағы екі Оқушылар сарайы мен алты балабақша ашу жоспарланып отыр. Оқу және білім беру орталықтарының құрылысына жеке инвестициялар да жұмылдырылып жатыр», деді бас шаһардың әкімі.
Еске салайық, биыл 215 мыңнан астам оқушы мектепті тәмамдады.