Қазақстанда аэротакси қызметін енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы қаласы, Алатау және облыс әкімдіктері әуе көлігін пайдаланудың бірыңғай ережелерін бекіту жөнінде ортақ құжат әзірлей алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үкіметтегі брифинг барысында вице-премьер Алматы әуежайына келетін жолаушылар үшін аэротакси қызметі тиімді балама болуы мүмкін екенін айтты.
«Қазір Алматыда кептеліс салдарынан жолға 1,5-2 сағат кетеді. Әуежай маңында аэротакси алаңын орналастыру жоспары бар. Жолаушы қызметке алдын ала тапсырыс береді. Қазіргі есеп бойынша бір адам үшін 1 шақырым жол ақысы шамамен 1 доллар болады», деді Қанат Бозымбаев.
Ел тұрғындары әуе таксиіне қашан міне алады?
Алдын ала есепке сәйкес, 15 шақырым қашықтыққа ұшу құны шамамен 15 долларды, яғни 7 мың теңгеден астам соманы құрауы мүмкін.
Сонымен қатар вице-премьер тасымалдаушылар арасында бәсеке қалыптасса, қызмет бағасы төмендеуі ықтимал екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін 19 мамырда Алматы облысының Алатау қаласында алғаш рет eVTOL әуе таксиі ұшырылғаны туралы хабарлағанбыз.