Қазақстанда туберкулезбен күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары елімізде аталған сырқат бойынша көрсеткіштердің біртіндеп төмендеуі байқалғанымен, дәрігерлер сақтықты бәсеңдетпеу керектігін айтады. Осы орайда Астанадағы №8 қалалық емхананың салауатты өмір салты дәрігері Аружан Ерболқызымен және осы емхананың физиатр дәрігері Азамат Асылбекұлымен туберкулез дертінің қазіргі ахуалы, алдын алу және емдеу жолдары туралы әңгімелескен едік, деп жазады Egemen.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, қоғамда туберкулезге қатысты қате түсініктер әлі де бар. Соның бірі – бұл дерт емделмейді деген пікір. Мұндай пікірді қазіргі уақытта заманауи медицина мүмкіндіктері теріске шығарып отыр. Яғни, туберкулез сырқатының алдын алуға да, толық емдеуге де болады, Туберкулез – жұқпалы болғанымен, дер кезінде анықталып, толық ем қабылданса, жазылатын ауру. Алайда, кешігу және ем алуды үзу дерттің асқынуына және дәріге төзімді түрлерінің пайда болуына әкелуі мүмкін.
Микобактерия туберкулезі (МБТ) тудыратын инфекциялық сырқат түрі туберкулез – көбіне өкпеге әсер етеді, бірақ өкпе сырты (внелегочный) туберкулез де болады. Бұл дерт – жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде адамнан адамға ауамен таралатыны мәлім. Осы тұста айта кетейік, адамның жұқтыруы үшін микобактерияның аз мөлшері жеткілікті екен. Науқас егер микобактерия шығарып отырса және ондай адаммен байланыс ұзақ әрі жиі болса жұқтыру қаупі неғұрлым жоғары болады. Жұқтыру қаупі әсіресе адамдар көп жиналатын тығыз және ылғалды әрі нашар желдетілетін бөлмелерде жоғарылайды.
Еске салайық, Денсаулық сақтау министрлігі туберкулезден болатын өлім-жітім 10%-ға азайғаны туралы хабарлады.
№8 қалалық емхананың салауатты өмір салты дәрігері Аружан Ерболқызының айтуынша, иммундық жүйе әлсірегенде адам туберкулезді оңай жұқтырады. Ал, иммундық жүйенің әлсіреуіне – темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, созылмалы аурулар (түрлі қабынулар, қант диабеті, ЖИТС-инфекциясы және т.б.), созылмалы улану (мысалы, алкоголь, есірткі қолдану), тұрақты стресс (физикалық және психикалық шамадан тыс жүктемелер) секілді бірнеше факторлар себеп болуы мүмкін.
«Науқас адамның қақырығында микобактерия болса, инфекция айналаға тарайды. Тіпті ол жөтелмесе де, онымен қарым-қатынаста болғандардың барлығы медициналық маска тағу, адам көп жиналатын орындарға (қоғамдық көлік, кинотеатр, дәмхана, т.б) бармау сияқты талаптарды сақтауға тиіс. Өкпе туберкулезінің негізгі симптомы – жөтелдің 2 аптадан астам уақытқа созылуы. Ал, қосымша белгілер ретінде – салмақ жоғалту, терлеу, кеуде тұсының ауырсынуы, жалпы әлсіздік және тез шаршау, дене температурасының ұзақ уақыт көтеріліп тұруын айтуға болады», дейді А. Ерболқызы.
Оның сөзінше, бұл белгілер кейде бірнеше ай бойы жеңіл формада көрінуі мүмкін. Ауыр асқынулардың алдын алу үшін және өзіңізді, жақындарыңызды қорғау мақсатында туберкулездің белгілері пайда болған жағдайда адам мүмкіндігінше тезірек тексеруден өтуі керек. Мұны тұрғылықты жердегі емханада немесе фтизиопульмонология орталығында жасауға болады. Қазақстанда туберкулезге тексеру тегін түрде жүзеге асады.
«Егер сізбен бірге тұратын немесе жиі байланыста болатын адамның туберкулез белгілері байқалса, сізге де тексеруден өту қажет. Симптом болмаса да, сіз тәуекел тобында боласыз. Сондықтан міндетті түрде қақырықты тексеріп, онда микобактерия туберкулезінің бар-жоғын анықтап, кеуде қуысының рентгенографиясын жүргізу қажет», деді ол.
Сондай-ақ Аружан Ерболқызы латентті туберкулез туралы айтып өтті.
«Латентті туберкулез дегеніміз адам микобактерия туберкулезін жұқтырған, бірақ әлі ауырып көрмеген және басқа адамдарға жұқтыра алмайтын жағдай. Иммундық жүйе туберкулез бактерияларын бақылауда ұстап, олардың дамуына мүмкіндік бермейді.
Латентті туберкулезді анықтау үшін туберкулин сынамалары қолданылады (мысалы, Манту сынамасы) – микобактерия туберкулезінен алынған қауіпсіз зат – туберкулинді тері астына енгізіп, ине орнындағы реакцияны бақылайды», деді ол.
Оның айтуынша, сонымен қатар, жағдайға байланысты басқа тесттер де қолданылады. Мысалы: Диаскин-тест, Квантиферон тесті, Т-SPOT TB, Альтернативті әдістер: гамма-интерферонды анықтау (ағылшын тілінен IGRA) және ELISPOT. Барлық осы тесттер латентті туберкулезді инфекцияны анықтауға көмектеседі және адамға профилактикалық ем тағайындалады. Бұл емнің мақсаты – активті туберкулездің дамуына жол бермеу.
«Ең бастысы біздің мақсатымыз – туберкулездің алдын алу, ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолдарын қарастыру», деп түйіндеді Аружан Ерболқызы.
Айта кеткен жөн, аталған емханада туберкулез бойынша науқастар саны, аурушаңдық пен таралу көрсеткіші жылдан жылға төмендеп келеді. Мұндай нәтиже – профилактикалық алдын алу шараларына көп күш енгізудің арқасында деуге болады.
Туберкулез түпкілікті жойыла ма?
№8 қалалық емхананың физиатр дәрігері Азамат Асылбекұлының айтуынша, қазіргі таңда туберкулезбен көбіне егде жастағы кісілер ауырады. Өйткені егде кісілерде иммунитет сәл де болсын төмен болғандықтан сырқатқа қарсы тұру күші өте төмен болады.
А. Асылбекұлының айтуынша, қазіргі уақытта аталған емханада туберкулездің алдын алудың және оны бастапқы сатыларда анықтаудың «Дженэксперт» деген керемет заманауи әдісі бар.
«Пациенттер көбіне қақырық тапсырады, сол кезде «Дженэксперт» полимеразды тізбекті реакция әдісі арқылы анықтайды. Бұл дегеніміз қақырықтың ішінен туберкулездің ДНҚ-сын анықтайтын молекулярлық-генетикалық әдіс, 2 сағат ішінде нәтижесін беретін тез, ауқымды және ақпаратты әдіс», деді физиатр дәрігер.
Физиатр дәрігер емдеу курстары әрбір пациенттің туберкулез формасына байланысты екенін атап өтті.
«Пациентті емдеу алдында тест жүргізіліп, туберкулездің формасы анықталады. Соған байланысты курс белгіленеді. Мысалы, 4, 6, 9 айлық курстар бар және ең ұзақ 18 айлық курс. Егер науқастар ем алуды бастапқы кезде, ортасында, соңғы тұсында үзетін болса, мұндай жағдайда туберкулез 1 жылдан кейін, 5 жылдан кейін, 10 жылдан кейін қайтадан сырқаттануға әкеледі және ағзадағы туберкулез таяқшаларының толық жойылмауына себеп болады. Бұл дегеніміз – жақындарына, әріптестеріне және қоршаған ортаға жұғу қаупін туғызады», деді физиатр дәрігер.
А. Асылбекұлының айтуынша, туберкулездің бас препараттарының бірі – «рифампицинге сезімтал» деген формасы, яғни, туберкулездің дәріге төзімді деген нұсқасы осы. Егер «Дженэксперт» тесті өткізілген кезде нәтижесі рифампицинге төзімді болған жағдайда бұл «туберкулездің төзімді формасы» деп аталады. Егер мұндай нұсқа анықталса, емнің уақыты ұзарады және басқа препараттар қолданылады.
«Туберкулезге қарсы емнің уақыты созылған жағдайларда (6, 9, 18 ай) кейбір науқастар (барлығы емес) күнде дәрі қабылдаудан шаршайды. «Дәріні бір күн ішем, екі күн ішпеймін, төртінші күні ішем, бесінші-алтыншы күні ішпеймін» деген жағдайлар да болады. Бұл дегеніміз – туберкулездің толық сауықпауына соғып, төзімді формаға ауысуына апаруы ықтимал», деді ол.
Оның айтуынша, туберкулездің таралуы әлеуметтік факторларға да байланысты. Яғни, тұрмыстық жағдаяттар, қате тамақтану түрлері, стресстер, бұның барлығы иммунитетті төмендетуі мүмкін. Ал иммунитет төмендеп ағза әлсіреген кезде, туберкулездің жұғу қаупі өте жоғары болады.
«Біздің қоғамда осы туберкулезбен ауыратын пациенттерге қатысты «стигма, дискриминация» бар, аталған жағдайдағы көзқарас кең таралған. Кейбір адамдар науқастардан шеттеп, олардың әлеуметтік оқшаулау жағдайын туғызады. Бұлар – қарапайым адамдар, ешкім бұндай жағдайда қорғалмаған. Қазақстанда бүкіл туберкулезге қарсы хаттамалар бойынша туберкулез ауруының ашық түрлерінің барлығы тубдиспансер, фтизиопульмонология орталықтарында стационарлық жағдайда емделеді. Ал әрі қарай пациенттер жабық формаға ауысқан кезде, барлығы тұрғылықты амбулаторлы емханаларда емделеді. Ондай пациенттер қоғамға ешқандай эпидемиялық қауіп төндірмейді. Сол себепті біз өзіміз санамызды өзгерткеніміз жөн», дейді Азамат Асылбекұлы.
Туберкулезді емдеудің тың әдісі
Түйіндей айтқанда, туберкулез – үкім емес. Ерте диагностика, толыққанды ем және дәрігер кеңесін қатаң сақтау арқылы бұл дерттен толық айығуға болады. Әйтсе де оның алдын алу, халықтың сауаттылығы мен жауапкершілігі маңызды рөл атқарады. Уақытында тексерілу – денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы. Туберкулездің тіпті дәріге төзімді түрін де жеңуге болады. Кейде адамға өте ауыр болып, үміті үзілуі мүмкін, мұндай мезеттерде науқастың жақындарының қолдауы өте маңызды. Сондай-ақ науқасқа қолдау көрсетуге дәрігерлер, мейірбикелер, қоғамдық ұйым қызметкерлері және ауруханада танысқан жандар әрдайым әзір екенін еске салу артық емес.