Германия билігі Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновті елге экстрадициялаудан бас тартты. Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Германия тарапы экстрадициядан бас тарту себебін түсіндірмеген. Соған қарамастан, Дүйсеновке қатысты халықаралық іздеу тоқтатылмаған және қылмыстық қудалау жалғасып жатыр.
«Германия тарапы оны беру туралы өтінішті қанағаттандырмады. Алайда іздеу шаралары тоқтатылған жоқ. Қазіргі уақытта іс бойынша мән-жайды анықтауға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр, соның ішінде шетелдік құзырлы органдармен өзара іс-қимыл жасалуда», деп хабарлады Бас прокуратура.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтыны айтылды.
Мақсат Дүйсенов 2018 жылдың тамызынан 2019 жылдың сәуіріне дейін Бас көлік прокуроры қызметін атқарған. Ол былтыр 29 тамызда халықаралық іздеуге жарияланған. Кейін Германияның құқық қорғау органдары Интерпол желісі арқылы халықаралық ынтымақтастық аясында қамауға алғаны белгілі болды.
2025 жылдың қазан айында Дүйсеновтің Германиядан Қазақстанға экстрадицияланатыны хабарланған еді. Алайда кейбір бұқаралық ақпарат құралдары оның саяси баспана сұрауы мүмкін екенін жазған.
Сол кезде Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев экстрадиция процесі басталғанын мәлімдеген болатын.
«Экстрадиция процесі іске қосылды. Германия тарапынан бас тарту болған жоқ. Қазіргі уақытта оны елге қайтару бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр», деген еді ол.
Айта кетейік, Қазақстан мен Макао экстрадиция туралы келісімге қол қойды.
Бас прокуратура бірнеше мәрте көлік сатамын деп халықты алдаған ел азаматын қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Ресей Федерациясы аумағынан экстрадициялады.
Сондай-ақ 230 мың доллар жымқырған бухгалтер Грекиядан экстрадицияланды.