Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік амнистияға қатысты мәселе қайтадан күн тәртібіне шықты. Мәжіліс депутаттары амнистияның шарттары мен тәртібін нақтылайтын заң жобаларын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы жеңіл және орташа қылмыстарға қатысты қолданылуы мүмкін. Бұл, негізінен, келтірілген шығын толық өтелген немесе мүлде залал келтірілмеген істерге қатысты болмақ.
Ал ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімін қысқарту ұсынылып отыр. Бірақ бұл жағдайда да келтірілген залал толық өтелуі тиіс.
«Моральдық құқығымыз жоқ»: Депутат мас жүргізушілерге рақымшылық жасауға қарсы шықты
Әкімшілік амнистия аясында да бірқатар айыппұлды кешіру қарастырылып отыр. Бұл туралы депутат Снежанна Имашева мәлімдеді.
«Әкімшілік амнистия аясында осы заң күшіне енгенге дейін орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан жеке тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілері, жеке нотариустар, адвокаттар, қандас мәртебесі бар азаматтар және жалпы Қазақстан азаматтары босатылады», деді ол.
Сонымен қатар адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқықбұзушылықтар амнистияға ілінбейді. Олардың қатарында қызыл шамға өту, жылдамдықты асыру және мас күйінде көлік жүргізу бар.
Көлік жүргізу құқығынан айырылғандар рақымшылыққа іліге ме?
Ал қауіпсіздік белдігін тақпау немесе көлік жүргізу кезінде телефон қолдану үшін салынған айыппұлдар амнистияға енуі мүмкін.