• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 11:55

Танымды тереңдету – уақыт талабы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Ордаға қатысты халықаралық симпозиумда Ұлы дала өркениетінің әлем тарихындағы орнына лайықты баға берді.

Президент Алтын Орда мұрасын жан-жақты зерттеу ұлттық бірегейлікті нығайтудың, тарихи сананы жаңғыртудың маңызды тетігі екенін айрықша атап өтті. Бұл – өткенге құрмет қана емес, болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарас.

Мемлекет басшысы өз баяндамасында Алтын Орда дәуірі тек әскери немесе саяси тарихпен шектелмейтінін, бұл кезеңнің ғылым мен білімнің, сау­да мен дипломатияның, мәдениет пен өркениетаралық байланыстардың өр­кен­деуіне зор ықпал еткенін ерекше айтты. Ұлық ұлыс Еуразия кеңістігіндегі мемлекет басқару дәстүрінің, құқықтық мәдениеттің және этносаралық келісім үлгісінің қалыптасуына айрықша әсер етті. Бұл – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи негіздерін терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды құндылық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда тарихи жадының орны бөлек екенін үнемі айтып келеді. «Тарихын терең таныған елдің рухы мықты болады» деген мазмұндағы пайымы – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті. Өйткені жаһандану дәуірінде ұлттық кодты сақтау, жас ұрпақтың бо­йына елдік сана мен отаншылдық қасиет­ті сіңіру – мемлекет тұрақтылығының ­басты алғышарттарының бірі.

Қазір елімізде Мемлекет басшысы­ның бастамасымен Алтын Орда мұра­сын зерттеу бағытында жүйелі жұмыс­тар жүзеге асырылып жатыр. Ұлық ұлыс­ты зерт­тейтін ғылыми институттың құрылуы, археологиялық және тарихи зерттеулер­дің кеңеюі, халықара­лық ғылыми ынты­мақ-тастықтың ны­ғаюы – соның айқын дәлелі. Бұл бастамалар Қазақстанның әлемдік ғылыми кеңістіктегі беделін арттырып, елімізді Жошы ұлысының тарихын зерттейтін жетекші орталықтардың біріне айналдыруда.

Кейінгі жылдары ел көлемінде тари­­хи-мәдени ескерткіштерді жаңғырту, ар­хив қорларын толықтыру, отандық ғы­лым­ның әлеуетін арттыру бағытында нақ­ты жұмыстар атқарылып келеді. Мұның бәрі ұлт тарихына деген мемлекеттік көзқарастың түбегейлі өзгергенін көр­сетеді. Тарихты жаңаша зерделеу – өт­кенді дәріптеу ғана емес, ел болашағын айқындайтын интеллектуалдық негіз қалыптастыру деген сөз.

Президент көтерген маңызды бас­тама­ларға бірінші кезекте ғылыми қауым­дас­тық белсенді атсалысуда. Өйткені ұлт тари­хын терең әрі жан-жақты зерттеу – бола­шақ ұрпақтың тарихи санасын қа­лып­тастырудың басты негізі. Ғылыми па­йым мен тарихи әділет ұштасқанда ғана ұлттық руханияттың көкжиегі кеңейе түседі.

Осы орайда Қазақ ұлттық қыздар пе­даго­гикалық университетінің тарихшы ғалымдары ұлт тарихын жаңаша пайымдау, тың ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи мұраны білім беру үдерісімен сабақтастыру бағытында өз үлесін қоса береді. Білім мен ғылым сабақтастығы арқылы тарихи танымды тереңдету – уақыт талабы.

Бүгінгі буын өз тарихын терең таны­ғанда ғана елдік санасы бекем, рухы биік ұрпақ қалыптасады. Ұлы дала мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу – ұлттық жадымызды жаңғыртып қана қоймай, жас ұрпақ­тың бойында отансүйгіштік пен тарихи жауапкершілік сезімін нығайтуға ықпал етеді.

Бейбіткүл КӘРІМОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің

басқарма төрағасы – ректоры

Соңғы жаңалықтар