• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Кадрдың қадірін кетірмесек игі...

120 рет
көрсетілді

Бұқара мен биліктің арасына дәнекер болатын мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексіне сай әрекет етіп, бюджет қаржысын үнемдеуге тиіс. Бұл – Президенттің талабы. Алайда ел үміт артқан шенеуніктер тарапынан бұл талап орындалмай, заң бұзу дерегі азаймай отыр.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында бюджет қаржысын тиімді жұмсау мәселесіне тағы назар аударды. «Бюджет қаржысын игеру­дің қазіргі критерийі­нен бас тартып, мемлекет­тік инвестицияның тиімді­лігін басқаруды күшейткеніміз дұрыс. Бұл – маңыз­ды міндет. Жалпы, бюджетті асығыс игеру дұ­рыс емес. Мұны кім шығарып жүр? Жылдың соңында бюджетті игеру керек деген жарыс басталады. Басқаша айтсақ, бұл – қаржыны оңды-сол­ды шашу деген сөз», деді Президент.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаменті­нің дерегіне қарағанда, былтырғы то­ғыз айда өңірдегі 53 мемлекеттік органда 3002 штат болғанымен, 2 743 адам жұмыс істеген. Бұл салада әйелдердің үлесі ­1 759-ға жетіп, 64 пайызды құраған. Ал ерлер­дің үлесі 36 пайызбен шектеліп, 984 адам қызмет атқарған.

Мұнайлы өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің 95 пайызының жоға­ры білімі бар. Оның ішінде «Бола­шақ» халықаралық бағдарламасының 5, мем­­­лекет­тік қызмет академиясының 29 түлегі жұмыс істеп жүр. Ал жас­тардың үлесі – 33 пайыз. Мемлекет пен бұқара­ның арасындағы дәнекерге айналған жас буынның орташа еңбек өтілі – 11 жыл ­8 ай, лауазымдық қыз­меттегі орташа өтілі – 4 жыл 9 ай.

Алайда мемлекеттік қызметші­лердің арасында талап пен тәртіптің салмағын сезіне бермейтіні бар. Мәсе­лен, өңірлік департаменттің әдеп кеңесінде Алмалы ауылдық округі әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды. Округ әкімі өзінің жақын туысы, яғни жолдасына 2019 жылы жеке қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатында берген жер телімін бір жылға ұзарту жөніндегі мәселені қарастыру кезінде мүдделер қақты­ғысын болдырмауға мән бермеген. Округ әкімі бір әрекетімен екі талапты бұзып отыр. Біріншісі – мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде айқындалған талапты сақтамау. Екін­шісі – мүдделер қақтығысын болдыр­мауға міндетті делінген талапты бұзу. Осыған байланысты әдеп кеңесінің шешімімен округ әкіміне «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс енгізілді.

Әдеп кеңесінде Құрманғазы ауда­нындағы Бөкейхан ауылдық округі­ әкімінің тәртіптік ісі бір жылда екі рет қаралды. Былтырғы сәуірде кеңес мүшелерінің көпшілік дауысымен округ әкіміне «қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданыпты. Алайда арада бірнеше ай өткен соң аталған округ әкімінің «тағдыры» қайта талқыға түсіп, кеңес мүшелері «атқара­тын мемлекеттік ла­уазымынан шыға­ру» түріндегі тәртіптік жаза қолдануға мәжбүр болды.

Мақат ауданындағы Доссор кенті әкімінің ісі де әдеп кеңесінің мүшелерінің талқысына түсті. Кент әкімі берген уәдесін орындамау арқылы азаматтардың тарапынан сынға қалған еді. Кеңес мүшелері әкім «мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттерге жол берді» деген тұжырымға келді. Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін әкімге «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдау ұсынылды.

Махамбет ауданындағы Махамбет ауылдық округі әкімінің теріс шешімі қызметінен босатылуға ұрындырды. Оған не себеп болған еді? Аудандық прокуратураның дерегіне қарағанда, округ әкімі саябақ салынатын аумақты полиция бөліміне арналған жаңа ғима­раттың құрылысына беруге шешім шығарған.

«Махамбет ауылдық округінің әкімдігі бұл құрылыс үшін заң мен бас жоспарды елемей, екі гектар алқаптағы жасыл желекті отап тастауға дайын болған. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша ауыл әкімінің шешімінің күші жойылды. Аталған заң бұзушылыққа жол бергені үшін аудан әкімінің орынбасары, жер қатынастары және құрылыс бөлімдері­нің басшылары, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ Махамбет филиалының жетекшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал Махамбет ауылдық округінің әкімі атқаратын қызметінен босатылды», деп хабарлады аудандық прокуратура.

Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі Сайтдолла Дәуешовтің дерегіне қарағанда, кейбір жергілікті атқарушы органдар бюджет қаржысын негізсіз жоспарлайды. Мұндай дерек мемлекеттік сатып алу конкурстарына жүргізілген талдау нәтижесінде анықталып отыр.

«Бас прокурордың 2023 жылғы 17 қаң­тардағы «Прокурорлық қада­ғалауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы» №32 бұйрығына сәйкес, прокурорлар жарты жылда бір рет тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мәселелері бойынша талдау жүргізеді. Былтыр облыстық прокуратура қызметкерлері бюджетті негізсіз жоспарлауға қатысты 12 млрд теңгенің заң бұзушылығын анықтады. Мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарын бұзғаны үшін 84 мемлекеттік органның басшысы әкімшілік жауаптылыққа тартылды», дейді С.Дәуешов.

Оның айтуыша, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы былтыр 10 қызметтік тұрғын үй сатып алуға 503 млн теңге бюджет қаржысын бөліпті. Алайда жүргізілген талдау нәтижесінде пәтерлердің сатып алу құны нарықтық бағадан жоғары екені белгілі болған. Осыған байланысты прокуратура тарапынан наразылық енгізілді.

«Прокуратураның қадағалау акті­леріне сәйкес жергілікті атқарушы орган бюджет қаржысын үнемдеді. Мәслихат сессиясында бұл қаржы бюджетке кері қайтарылды. Кейін үнемделген қаржы өңірдің басым әлеуметтік қажеттілігі мен инфра­құрылымдық бағытына қайта бөлінді», дейді облыс прокурорының аға көмекшісі.

Мұнайлы өңірде мемлекеттік қызмет­кердің абыройына дақ түсіріп, кадрдің қадірін кетірген елеулі деректердің бір парасы – осындай. Бұл аудандық, облыстық әкімдік тарапынан мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін сақтауына, бюджет қаржысын тиімді жұмсауына қатысты талаптың босаңсығанының дә­лелі. Әйтпесе, мемлекеттік қызметшілер талапқа бағынып, тәртіпті бұзбас еді. Мемлекеттік қызметкер ең бірінші сол аймақтың айнасы, бет-бейнесі. Ал өңірлік әкімдік айнасына сызат салып, бетіне көлеңке түсіріп жүргендерді тәртіпке шақырып, түзу жолға сала алмаса, бұл барлық саладағы мәсе­лені жылдан жылға ұлғайта берері анық.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар