Скопье қаласында өткен келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Солтүстік Македония арасында іскерлік байланыстарды нығайтатын жаңа тетік – Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл қадам екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жұмыс сапарымен Солтүстік Македонияның бас шаһарына барып, бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Сапар Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Сапар барысында Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова министрді қабылдап, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Президент Астанаға жасаған сапарын атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ Анталия дипломатиялық форумы аясындағы кездесулердің маңызына тоқталды.
Ұлттық банк АҚШ Сауда палатасымен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады
Келіссөздер барысында Солтүстік Македонияның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Тимчо Муцунскимен екіжақты сауданың қазіргі ахуалы мен болашағы жан-жақты қаралды. Тауар айналымын ұлғайту және тұрақты өсімге жағдай жасау мәселесіне басымдық берілді.
100-ден астам македониялық және отандық компаниялар қатысқан бизнес-форум қорытындысында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Солтүстік Македонияның Экономикалық палатасы арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар QazTrade мен Солтүстік Македонияның инвестициялар тарту және экспортты ілгерілету агенттігі арасында бірлескен жобаларды іске асыруға арналған меморандум бекітілді.
Форум нәтижесінде шамамен 500 млн теңге көлемінде коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Сауда-экономикалық келіссөз пысықталды
Сапар аясында министр «Bunardzik» индустриялық аймағында болып, экологиялық таза өндіріс пен жоғары технологияларға негізделген кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Іссапар жалғасып, Стамбул қаласында түрік бизнес өкілдерімен кездесулер өтті. Олардың қатарында Orzax Group, Roz Metal және Safi Holding бар. Келіссөздер барысында аталған компаниялар Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, өндірісті жергіліктендіруге және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға қызығушылық танытты.
Жалпы, бұл сапар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы экономикалық әріптестікті күшейтіп, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашты.