Кеше Киевте белгісіз адам Голосеев ауданында адамдарға оқ жаудырды. Оқиға салдарынан 6 адам қайтыс болды, 14 адам жарақат алды. Құқық қорғау органдары күдіктіні ұстау кезінде атып өлтірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұған дейін билік бес адамның қаза тапқанын хабарлаған еді. Кейін тағы бір әйел ауруханада алған жарақаттарынан көз жұмды.
Жараланғандар саны да алғашқы хабардан бері артты. Қазір 14 адамның жарақат алып, ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Кепілге алынған төрт адам құтқарылды.
Киев пен Мәскеу ішінара атысты тоқтату туралы келісімге келді
Украинаның қауіпсіздік қызметі бұл оқиғаны «террористік акт» ретінде тергеп жатқанын хабарлады.
«Голосеев ауданында көшеде жараланғандардың арасында бала да бар. Дәрігерлер оны ауруханаға жеткізіп жатыр», деп жазды әлеуметтік желіде Киев мэрі Виталий Кличко.
Полицияның мәліметінше, қылмыскер жасырынған дүкенге арнайы жасақ шабуыл жасаған. Күдікті адамдарды кепілге алып, ұсталу кезінде полицияға оқ атқан. Бұған дейін онымен келіссөз жүргізушілер байланыс орнатуға тырысқан. Алайда ол нәтиже бермеген.