Кеше Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынның басты тақырыбы – киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігі мен бұл бағыттағы проактивті жұмыс нәтижелері болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алқалы жиынға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, сондай-ақ қаржы ұйымдары мен байланыс операторларының өкілдері қатысты.
Отырыс барысындағы киберқылмыс деңгейінің айтарлықтай азайғаны атап өтілді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы үш айында мұндай құқықбұзушылықтар саны 15,1 пайызға (6 216-дан 5 275-ке дейін) қысқарған.
Бұл оң динамика Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қылмыспен күресте реактивті әрекеттен проактивті, яғни қылмыстың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмысқа көшу жөніндегі тапсырмасының жемісі.
SMS-бластер мен дипфейк: Бас прокуратура 18 жаңа киберқауіпті анықтады
Киберқылмыскерлердің жолын кесу мақсатында несие беру саласында бірқатар «тосқауылдар» қойылды:
«Салқындау кезеңі»: Азаматтарға асығыс несие рәсімдеуге жол бермейтін уақыт аралығы енгізілді. Алғашқы қарызды алу кезінде азаматтың банкте міндетті түрде жеке болу талабы бекітілді. Биометриялық сәйкестендіру мен өзге де цифрлық кедергілер іске қосылды.Алаяқтық қоңыраулардың алдын алу үшін байланыс саласында да түбегейлі өзгерістер жасалды. Атап айтқанда, SIM-бокстарды пайдалануға тыйым салынса, абоненттерді биометриялық тіркеу мен антифрод-жүйелерді қолдану операторлар үшін міндетке айналды.
Сонымен қатар алаяқтарға өз шоттарын беріп, ақша жылыстатуға көмектесетін «дропперлер» үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қылмыстық кодекстің жаңадан енгізілген 232-1-бабы бойынша бүгінде 446 іс тіркеліп үлгерген.
Сақ болыңыз: Алаяқтар медицина қызметкері ретінде хабарласа бастады
Ұлттық банк жанынан құрылған Антифрод-орталықтың жұмысы да нәтижелі. Орталық арқылы алаяқтардың қолына түсуі тиіс болған 2,8 млрд теңге уақтылы бұғатталып, иелеріне сақтап қалды.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары цифрлық активтер мен криптовалюталарды ұрлау схемаларын әшкерелеуге, сондай-ақ виртуалды арналар арқылы жасалатын жаппай алаяқтық шабуылдарға қарсы күресті күшейтті.
Жиын соңында заң мен тәртіпті нығайту бағытындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты одан әрі арттыру бойынша нақты міндеттер белгіленді.