«Динамо» клубының түлегі Бауыржан Әли қарсыласын 57 секундта нокаутпен жеңді. Тараз қаласында өткен «ALASH PRIDE FC» лигасында жас боксшы кезекті жарқын жеңісімен ерекшеленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінде ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 3-курс курсанты, полиция сержанты жекпе-жекті алғашқы раундтың 57-ші секундында аяқтап, Тәжікстан спортшысы Раджаббой Ахмедовті нокаутқа түсірді.
Жекпе-жек басталған сәттен-ақ Бауыржан қарсыласына үстемдік танытып, бірнеше жойқын соққысын боратып есін аударды. Тіпті ауыр соққыға қарсыласы шыдас бере алмағанын байқаған рингтегі рефери жекпе-жекті тоқтатты.
Боксшы Нұрбек Оралбай жаңа салмақ дәрежесіне ауысты
Талантты боксшы Бауыржан Әли бұған дейін Қарағанды қаласында Ғ. Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирде чемпион атанып, кәсіпқой боксқа қатысу лицензиясын иеленген болатын. Ол бокстан спорт шебері, ел чемпионы және халықаралық, республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы.
Жас спортшы бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Бауыржан оқу мен спортты қатар алып жүріп, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап келеді.