• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 16:40

Мұраға қалған мүлікті қалай дұрыс рәсімдеу керек?

20 рет
көрсетілді

Жақын адамнан айырылу – кез келген адам үшін ауыр соққы. Осындай кезеңде туыстар тек қайғыны еңсеріп қана қоймай, бірқатар құқықтық мәселелерді де шешуге мәжбүр болады. Соның ең маңыздыларының бірі – мұраны рәсімдеу, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көп жағдайда азаматтар бұл істі кейінге қалдырып, нақты мерзімдер мен талаптарды ескермейді. Соның салдарынан туыстар арасында дау туындап, іс сотқа дейін жетіп, тіпті мұрадан айырылып қалу жағдайлары кездеседі.

Заңды түрде мұрагерлік мұра қалдырушының адамның қайтыс болған күнінен басталады. Осы сәттен бастап мұрагерлерге өз құқықтарын рәсімдеу үшін 6 ай уақыт беріледі. Егер осы мерзім ішінде нотариусқа жүгінбесе, мұрагер мұрадан айырылып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда мерзімді тек сот арқылы, дәлелді себептер болғанда ғана қалпына келтіруге болады.

Мұраны рәсімдеу нотариус арқылы жүзеге асады. Нотариус мұрагерлік істі ашып, өсиеттің бар-жоғын анықтайды, мұрагерлерді белгілейді, қажетті құжаттарды қабылдайды және мұрагерлік құқық туралы куәлік береді. Құжаттардың қатарында мұрагердің жеке куәлігі, қайтыс болу туралы куәлік, туыстықты дәлелдейтін құжаттар, марқұмның соңғы тұрғылықты жері туралы анықтама, сондай-ақ мүлікке қатысты құжаттар болуы тиіс. Қажет болған жағдайда нотариус қосымша құжаттарды да талап етуі мүмкін.

Әділет департаментінің түсіндірмесі: Сот актілерін қайта қарау туралы азаматтар нені білуі керек?

Мұра екі жолмен рәсімделеді: өсиет бойынша немесе заң бойынша. Егер өсиет болса, мүлік марқұмның еркіне сәйкес бөлінеді. Дегенмен, кейбір санаттағы адамдар, атап айтқанда кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз балалар, еңбекке жарамсыз ата-аналар мен жұбайы міндетті үлеске ие болады. Ал өсиет болмаған жағдайда, мұра заңда белгіленген кезектілік бойынша бөлінеді: алдымен жұбайы, балалары мен ата-анасы, ал олар болмаған жағдайда басқа туыстарға өтеді.

Тәжірибеде азаматтар жиі жіберетін қателіктер де бар. Соның бірі – «мүлікті пайдаланып жүрсек, ол автоматты түрде біздікі» деген қате түсінік. Шын мәнінде, нотариустың рәсімдеуінсіз меншік құқығы заңды түрде бекітілмейді. Сондай-ақ кейбір адамдар мұра құрамындағы мүлікті жасыруға тырысады. Бұл өз кезегінде туыстар арасындағы жанжалға және сот дауларына әкелуі мүмкін. Тағы бір кең тараған қателік – нотариусқа кеш жүгіну. Көпшілік «кейін рәсімдеймін» деп жүріп, заңда белгіленген 6 айлық мерзімді өткізіп алады.

Егер мұраны қабылдау мерзімі өтіп кетсе, мәселені екі жолмен шешуге болады. Біріншісі – басқа мұрагерлердің келісімі арқылы, екіншісі – сотқа жүгіну арқылы мерзімді қалпына келтіру. Алайда сот процесі қосымша уақыт пен шығынды талап ететінін ескерген жөн.

Құқықтық сауат – уақыт талабы

Мұрагерлікке қатысты тағы бір маңызды жайт – марқұмның қарыздары. Мұрагерлер тек мүлікті ғана емес, сонымен қатар оның міндеттемелерін де қабылдауы мүмкін. Олардың қатарына банктік несиелер, салықтар және коммуналдық қарыздар жатады. Дегенмен, мұрагерлер қарыз бойынша тек алған мүліктің құны шегінде ғана жауап береді. Егер қарыз көлемі мүліктен асып кетсе, артық бөлігі өндірілмейді. Ал алимент немесе айыппұл сияқты жеке міндеттемелер мұрагерлерге өтпейді.

Сондықтан мұраны рәсімдеу барысында азаматтарға нотариусқа уақытында жүгіну, барлық қажетті құжаттарды жинау, мүлік туралы толық әрі шынайы ақпарат беру, сондай-ақ марқұмның қарыздары жөнінде алдын ала мәлімет алу ұсынылады. Қажет болған жағдайда мамандардың кеңесіне жүгінген жөн. Мұраны рәсімдеу – жай ғана формальды рәсім емес, ол мұрагерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды заңды процесс. Уақтылы және дұрыс әрекет ету артық дау-дамай мен сот мәселелерінен сақтайды.

Соңғы жаңалықтар