Сарапшылардың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бір адамға шаққандағы азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға кеткен орташа шығын 615,5 мың теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,9%-ға көп, ал 2010 жылдан бері номиналды шығындар шамамен алты есеге артқан. Сонымен қатар халық шығынының құрылымында азық-түліктің үлесі жоғары деңгейде қалып отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіш 47,8%-ды құрады. Пандемия кезіндегі ең жоғары деңгей – 50,4%, көрсеткіш аздап төмендегенімен, бұрынғы қалыпты межеге қайта түспеген. Бұл азаматтардың негізгі қаржысы әлі де күнделікті тұтынуға жұмсалатынын көрсетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Табыстың өсуіне қарамастан, оның едәуір бөлігі тек күнделікті тамақтануға жетеді. 2025 жылы қазақстандықтар жалпы табысының 42,5%-ын азық-түлікке жұмсаған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда жоғары (40,7%). Аймақтар арасында айырмашылық айқын: мысалы, Алматыда бір адамға шаққандағы азық-түлік шығыны 843,1 мың теңгеге жетсе, Жетісу облысында тұрғындар табысының 59,1%-ын, ал Жамбыл облысында 55,9%-ын азық-түлікке жұмсаған. Түркістан облысында бұл көрсеткіш 52,9%-ды құрайды.
Елордада тиімді бағада азық-түлікті қайдан алуға болады?
Ал Астана, Қарағанды және Қостанай облыстарында азық-түлік шығындарының үлесі салыстырмалы түрде төмен – шамамен 32-34% аралығында.
Азық-түлік шығындарының құрылымы да өзгеріссіз қалып отыр. Ең үлкен үлесті ет өнімдерінде – барлық шығынның 34,4%-ы (211,6 мың теңге). Бір жыл ішінде бұл санаттағы шығын 18,1%-ға артқан. Одан кейін нан өнімдері мен жарма (14,7%), сондай-ақ сүт өнімдері (10,6%) тұр. Осы үш санат жалпы шығынның шамамен 60%-ын құрайды.
Ал жеміс-жидек пен көкөніске жұмсалатын қаржының үлесі төменірек – тиісінше 9,1% және 7,7%. Балық пен теңіз өнімдеріне жұмсалатын шығын – небәрі 4,4%, ал жұмыртқаға – 2,1%. Бұл халық тұтынуының негізінен қолжетімді, базалық өнімдерге тәуелді екенін аңғартады.
Бағаның өсуі жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. 2026 жылдың ақпан айында азық-түлік бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға қымбаттаған. Бұл 2025 жылғы 6,3%-дық өсімнен екі есе жоғары. Соңғы онжылдықтағы ең жоғары қарқындардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Наурыз айында дәрі-дәрмектердің бағасы 25%-ға арзандады
Өңірлер арасында ең жоғары баға өсімі Ұлытау облысында тіркелген – 16,2%. Одан кейін Ақмола (15,2%) және Солтүстік Қазақстан (15,1%) облыстары тұр.
Сарапшылардың айтуынша, азық-түлік бағасының мұндай қарқынмен өсуі жалғасса, 2026 жылдың қорытындысында халық шығынындағы азық-түлік үлесі қайтадан 50%-дан асуы мүмкін. Бұл өз кезегінде тұрғындардың басқа қажеттіліктерге жұмсайтын қаражатын азайтып, өмір сүру сапасының төмендеуіне әкелуі ықтимал.