Алматыда Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы Тәуелсіздік құндылықтарын насихаттауға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Оған этномәдени бірлестіктер өкілдері, қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым, Қырғызстаннан келген қонақтар мен жастар қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Бүгінде елімізде дүнген этносының саны 86 мыңнан асады. Бұл этномәдени қозғалыс 1989 жылы Алматыда алғашқы мәдени орталықтың ашылуынан бастау алып, кейін еліміздің көптеген өңірін қамтыған кең желіге айналды. Қазіргі таңда орталықтың филиалдары бірқатар облыстар мен Астана қаласында жұмыс істейді. 2022 жылы құрылған республикалық ұйым 11 өңірлік бірлестікті біріктіріп, мәдени-ағартушылық және қайырымдылық бағытта қызмет атқарып келеді.
Салтанатты жиында сөз сөйлегендер дүнген этносының ел дамуына қосып отырған үлесін, мәдени мұраны сақтаудағы рөлін және Тәуелсіздік құндылықтарын ілгерілетуге қосқан еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ дүнген өкілдерінің білім, мәдениет, өнер және спорт салаларындағы жетістіктері де сөз болды.
ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов орталықтың басты бағыттарының бірі қайырымдылық екенін атап өтті. Оның айтуынша, меценаттар әлеуметтік осал топтарды қолдап, «Мектепке жол» акциясы аясында тұрақты көмек көрсетіп келеді. Соның бір мысалы – Жамбыл облысында 50 отбасыға көмек көрсетілген қайырымдылық шарасы.
Этномәдени бірлестіктер басшыларымен кездесті
Мерекелік кештің көркін мазмұнды концерттік бағдарлама аша түсті. Сахнада Куддус Кужамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрының әртістері өнер көрсетіп, ақындар жыр оқыды. Әсіресе ұрпақ сабақтастығын көрсеткен қойылымдар мен поэзиялық туындылар көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Музыкалық бағдарламада классикалық және ұлттық әуендер тоғысты. Қонақтар Абайдың «Көзімнің қарасы» шығармасын тыңдап, халықаралық деңгейдегі әншілердің өнерін тамашалады. Қырғызстаннан келген өнерпаздар да кештің мазмұнын байытып, өз өнерлерін ұсынды.
Сонымен қатар, сахнада би қойылымдары мен сән көрсетілімі де өтті. Дизайнер Шинху Рабии ұсынған ұлттық топтама дәстүр мен заманауи стильдің үйлесімін көрсетті.
Кештің шарықтау сәті «Атамекен» әнімен аяқталды. «Асыл қазына» балалар хорының орындауындағы бұл туынды бірлік, достық және Отанға деген сүйіспеншілік идеясын айшықтады.
Этномәдени бірлестіктер де үн қосты
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйымдастырушылар мен бірлестік белсенділері атсалысты. Жалпы алғанда, бұл мереке дүнген этномәдени бірлестігінің елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға, мәдени әртүрлілікті сақтауға және Тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеуге қосып отырған үлесін айқын көрсетті.