Елордадағы Паралимпиадалық орталықта параволейболдан ұлттық құрама ойыншылары оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Алда бірнеше дүбірлі дода бар. Жақында білікті маман Бауыржан Тахауовтан тәлім алатын жігіттердің әзірлік барысымен танысып, бас бапкермен тілдесіп қайттық.
– Оқу-жаттығу жиынына шақырту алған жігіттердің әлеуеті қандай? Маңызды жарыстарда жігіттеріңіз жанкүйер сенімін ақтауда аянып қалмас.
– Әрине, ең басты мақсатымыз – еліміздің туын желбіретіп, әнұранымызды шырқату. Биыл екі бірдей байрақты аламан түңлігін түреді. Оның алғашқысы – шілде айында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін әлем чемпионаты. Бұл сайысқа дүние жүзінің таңдаулы 16 құрама командасы ғана қатысуға мүмкіндік алып отыр. Демек, бәсекелестік өте жоғары болмақ. Қытай елі ұйымдастыратын жаһандық аламанда 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиада ойындарының алғашқы жолдамасы да бәйгеге тігіледі. Бұрын әлем чемпионы атанған құрамаға ғана лицензия берілсе, енді финалға шыққан екінші ұжым да жолдаманы олжалайды. Бәсекелестіктің өте жоғары болуының бір себебі осы. Екінші жарыс күзде Жапония елінде өтетін Паралимпиада аламаны. Төрт жылда бір рет айналып соғатын сайыстың дақпырты жайылып, дүбірі құлақ түбінен естіліп келеді. Сондықтан әзірлікті бір сәтке де әлсіретпей, керісінше қарқынға қарқын қосып шыңдала түсу қажет.
– Одан бөлек, ел біріншілігі де жалауын желбіретеді. Өңірлерде параволейболдың өркендеп, тамыр жаюы көңіл қуанта ма?
– Ел чемпионаты үш турдан өтеді. Алғашқы кезең Орал қаласында ұйымдастырылады. Параволейболдың өрісі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Ұлттық біріншілікке қатысушы командалардың да қатары молығып, бәсекелестік нығая түсті. Осындай қайнаған тартыстың арасынан ұлттық құрама сапына алынатын ойыншылар іріктеледі.
– Бұрынырақта параволейболдан ұлттық құрама ойыншыларының басым көпшілігі Атырау облысы командасының өкілдері еді. Кейінгі жылдары өзге өңірлерден де талантты, өр рухты ойыншылар қатарға қосылған екен.
– Иә, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарының да шебер ойыншылары ұлттық құраманы күшейтуге шақыртылып, оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Жастардың параволейболға қызығушылығы артқаны қуантады. Бұл спорт түріне көбінесе тағдырдың қатал сынағына түсіп, жазмыштан аяғынан айырылған жандар келеді. Бұрындары жастар намыстанып, аса қызыға қоймайтын. Десе де параволейбол тартымды спорт түрінің бірі, командалық ойын. Осыны жан-жақты насихаттап, параспортты өркендету – тең қоғам құрудың тетігі екенін жүрген жерімізде айтып жүреміз. Атан түйенің белін қайыстыратын ауыр жұмыстың нәтижесін енді көріп жатырмыз. Ұлттық құраманың қатары жастармен толықты. Параволейбол федерациясының өкілдіктері әр өңірде ашылып, облыстарда осы спорттың дамуы серпін алды. Қытайда өтетін әлем чемпионатына 17 жастан асқан бір шәкіртіміз Жандос Айтмұханбетті де қатарымызға қостық. Ересектердің дуына қосылып, шыңдала берсін деп шештік.
– Параволейболшылардың деңгейі жоғарылап, қайрат артып келе жатқанын көріп, көңіліміз қуанады. Мұның сыры неде?
– Былтыр Азия чемпионы атандық. Әлем кубогінде қола жүлдеге қол жеткіздік. Бұрын-соңды әлем кубогінің медалі бізге жалынан ұстатпай келген еді. Жазғы Параазия ойындарында 1994, 1998 жылдары чемпион атанып, 2002 жылы күміс медаль еншілеген құраманың деңгейі одан кейін біршама әлсіреді. 2018 жылы Джакартада өткен жазғы Параазия ойындарында қола, одан кейін 2022 жылы Ханчжоуда өткен құрлықтың төртжылдық додасында күміс медаль бұйырды. Биыл Жапония елінде өтетін жазғы Параазия ойындарының алтын медалін олжалауға барымызды саламыз. Дүние жүзінде параволейболдан 70-тен астам құраманың рейтингінде біздің жігіттер 5-орында тұр. Яғни үздік бес құрама команданың бірі.
– Параволейболшылардың осындай орасан жетістігінен кейін қолдау, қошемет, анау айтқандай, керемет емес сынды...
– Дұрыс айтасыз, параспортшыларымыздың әлеуметтік мәселесін айтудай-ақ айтып, көтеріп жүрміз. Бұл жігіттер оқу-жаттығу жиыны кезінде тәулігіне бес сағат уақытын осы спорт кешенінде өткізеді. Тынбай әзірленіп, әлемдік додаларда еліміздің абыройын асқақтатып, мәртебесін көтереді, жалауымызды желбіретеді. Хоккей, футбол сынды командалық ойын түрлерінде спортшылардың қандай мөлшерде жалақы алатынын білесіз. Біздің жігіттер параволейболдан ұлттық құрама қатарында ойнағаны үшін айы сайын 360-380 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бәрі емес, кейбіріне осы соманың жартысы ғана тиеді. Тағдыр сынағынан он екі мүшесінің біріне зақым келіп, таяққа сүйеніп қалғанына арланбайды. Керісінше, әрқайсысы өз шаңырағының тірегі, асыраушысы. Жалқы аяқпен жүріп-ақ, тіпті кейбірі арбамен қозғалады, соған қарамастан өз отбасын асырап отырған жүректі де рухы қайсар жігіттер. Жоғарыда атап өттім, біз қазір әлемнің үздік бес командасының біріміз. Азия құрлығында теңдессіз екенімізді былтыр әйгіледік. Қоңыр күздегі жазғы Параазия ойындарында сенімге селкеу түсірмейміз. Ұлттық құрамадағы отбасылы азаматтардың алды көпбалалы әке – төрт-бес перзенті бар. Ем-домына жұмсағаннан қалған қаражатын шаңырағының қажетіне шығындайды. Кейбір жігіттердің жеке баспанасы жоқ, пәтер жалдап күнелтеді. Осындай әлеуметтік мәселелер оңтайлы шешілсе, спортшыларымыздың көңіліне алаң кірмес еді. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды, мемлекет тарапынан дене мүмкіндіктері шектеулі жандардың да спортпен шұғылданып, сайыстарға қатысуына орасан зор қолдау көрсетіледі. Параспорт түрлері де олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілді, әлемдік сайыстарда алған жүлдеге берілетін сыйақысы да бірдей. Дей тұрғанмен, бәріміз де адам баласы, пендеміз. Бұл жігіттер де өзге спортшылардың демеушілер, меценаттар қолынан көліктің, пәтердің кілтін алып жатқанын көргенде қызығады. Сондай сәтті өздерінің де басынан өткергісі келеді.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»