Алматы облысында Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидасының аясында «Әділетті қоғам: жастар таңдауы» тақырыбында ауқымды форум өтті. Тағылымды іс-шара жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып, заңға құрмет мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Форумды өңірлік полиция департаментінің есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңесі мен жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Облыстағы 500-ден аса жастың басын қосқан іс-шара барысында құқықтық мәдениетті арттыру, заңбұзушылықтардың алдын алу, киберқылмыс, есірткі қылмысы, қаржылық алаяқтық секілді өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Қатысушылар қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту жолдары туралы пікір алмасты.
Форум аясында Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков, Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мақсат Кенешев, облыстық есірткіге қарсы күрес департаментінің қызметкері, подполковник Алтын Есболсынқызы, киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкері, полиция майоры Әлібек Арланұлы, сондай-ақ экономикалық қауіпсіздік тақырыбында Меруерт Еркінқызы сөз сөйлеп, аталған қылмыс түрлерінің көбеюіне байланысты жастарды құқықтық сауатты болуға шақырды.
«Интернет алаяқтығының алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар мектептерде, мешіттерде, еңбек ұжымдарында және халық көп жиналатын орындарда өткізіліп, тұрғындарға цифрлық сауатты арттыру бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіліп келеді. Сонымен қатар интернет желісіндегі жалған сайттарды анықтау мақсатында мониторинг жасалып, оларды бұғаттау, жедел-іздестіру іс-шаралары қабылданады. Нәтижесінде, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, интернет желісі арқылы жасалатын қылмыстардың саны біршама төмендегені байқалды. Десе де, алаяқтықтың өсуіне және әдістерінің күрделенуіне интернет кеңістігінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуы негізгі фактор ретінде әсер етіп жатыр», деді Әлібек Арланұлы.
Ол жыл басынан бері интернеттегі алаяқтыққа қатысты 20 деректің тіркелгенін атап өтті. Сондай-ақ «дроппер» ұғымына тоқталып, өзіне тиесілі банк картасын белгісіз тұлғаға пайдалануға беру немесе өзінің банк картасы арқылы ақша аударымдарын жүргізуге көмек көрсеткені үшін заңды жауапкершілікке тартылатынын түсіндірді. Заңға сәйкес дропперге айыппұл салудан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын атап өтті.
Ал облыстық есірткіге қарсы күрес департаментінің қызметкері Алтын Есболсынқызы бүгінде психотроптық заттардың заңсыз айналымына жасөспірімдер мен студенттердің тартылуы алаңдатарлық жайт екенін айтты. Ол өткен жылдың қорытындысында өңірде 223 есірткі қылмысы анықталғанын, оның ішінде 71-і нашақорлық заттарын сату болса, 23-і есірткіні аса ірі көлемде сақтау дерегі екенін мәлімдеді. Заңсыз айналымнан 10 тонна 756 кг 586 г нашақорлық заттар алынып тасталған. Өкініштісі, былтыр есірткі құралдарын заңсыз өткізуге қатысы бар 4 кәмелетке толмағандардың ұсталуы ерекше алаңдаушылық тудырса, жыл басынан бері Қарасай ауданында есірткі заттарын жасыру арқылы таратумен айналысқан колледждің кәмелетке толмаған студенті ұсталғанын атай отырып, нашақорлықтың адам өміріне тигізер орасан залалы туралы түсіндіріп өтті.
Полиция подполковнигі Алтын Есболсынқызы әсіресе буыны қатпаған жас пен оң-солын танып үлгермеген жасөспірімнің психотроптық заттарды заңсыз таратуға жиі ұрынып қалатынына алаңдаушылық білдірді.
Сондай-ақ спикерлер жастардың құқықтық санасын арттыру, интернет қауіпсіздігі, қаржылық сауаттылық, зиянды әдеттердің алдын алу бағытында нақты мысалдар келтіріп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Жастар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріп, ашық диалог алаңын қалыптастырды.
Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік ең алдымен заңды білуден басталады. Әсіресе жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру уақыт талабы екені айрықша аталды. Заңды білу жауапкершілікпен қатар әр азаматтың өз құқығын қорғай отырып, болашағына сенімді қадам жасауының кепілі екені баса айтылды.
Форум барысында «Заң мен тәртіп» тақырыбында ұйымдастырылған сурет көрмесі өтіп, жас суретшілер өз шығармалары арқылы әділетті қоғам бейнесін көрсетті. Үздік туынды авторлары арнайы Алғысхатпен және сыйлықтармен марапатталды.
Мазмұны терең іс-шара аясында кинолог мамандар есірткіге қарсы күрес басқармасының арнайы қызметтік иттерінің нашақорларды құрықтау кезіндегі іс-әрекеттерін сахналық көрсетілім арқылы таныстырды. Бұл көрініс жастардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Алматы облысы