Айтып келмейтін апаттар мен түрлі жол-көлік оқиғалары озық технологиялармен жабдықталған медициналық орталықтардың қажеттілігін арттырып отыр. Осы орайда Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухана базасында өңірлік Травматология және ортопедия орталығын құру жоспарланды.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жаңа орталық ауыр жарақат алған науқастарға шұғыл көмектен бастап, оңалту кезеңіне дейінгі барлық сатыда мамандандырылған қызмет көрсетеді. Бастаманы жүзеге асыруға мегаполистегі жетекші мекемелердің бірі – №4 клиникалық аурухананың таңдалуы тегін емес. Мұнда жылына 19 мыңдай пациент ем қабылдап, 12 мыңға жуық операция жасалады. Мәселен, 2025 жылы ірі буындарды эндопротездеуге қатысты 2 250 операция сәтті өткен. Қазірдің өзінде жаңа орталықты құруға дайындық ретінде аурухананың қабылдау бөлімі толықтай қайта жаңғыртылды.
Мұндай орталықтың ашылуы елдің оңтүстік өңіріндегі травматологиялық қызметті үйлестіруді күшейтіп, мамандардың біліктілігін арттыруға, ғылыми зерттеу бағыттарын дамытуға жол ашады. Бұл маңызды жобаны Денсаулық сақтау министрлігі, қала әкімдігі, академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы толықтай қолдап отыр.
Орталықты ашуға дайындық аясында аурухана базасында Р.Вреден атындағы Травматология және ортопедия ұлттық медициналық зерттеу орталығы (Ресей) мамандарының қатысуымен шеберлік сыныптары мен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Басқосу нәтижесінде екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, заманауи медициналық технологияларды бірлесе енгізу көзделді.
– Ауруханамыз дәстүрлі түрде травматология саласына маманданған. Инфрақұрылымды дамытып, емдеудің жаңа тәсілдерін енгізу арқылы бұл бағытты одан әрі күшейтіп келеміз. Орталықтың құрылуы жетекші мамандармен өзара тиімді іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді №4 қалалық клиникалық аурухананың директоры Біржан Досмайылов.
Халықаралық сарапшылар да жобаның өзектілігін жоғары бағалап отыр. Р.Вреден атындағы орталықтың директоры Рашид Тихилов: «Өңірлік орталық құру – дер кезінде қолға алынған маңызды қадам. Қазіргі травматология үздіксіз тәжірибе алмасу мен жаңа технологияларды енгізуді талап етеді. Алматыда бұл үшін барлық жағдай жасалған», деп атап өтті.
АЛМАТЫ