• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мирас Бүгін, 07:55

Зерлеп тігу шебері

10 рет
көрсетілді

Дизайнер-реставратор, Суретшілер одағының мүшесі Айжан Әбдубаит отыз жылдан астам көне мұраларды жаңғыртып, алтын жіппен кестелеп тігу өнерін зерттеп, жә­дігерлерді қалпына келті­румен айналысып келеді.

Кәсібін шағын шеберханада бастаған ол «Зерлеу» авторлық үйінің негізін қалаған. Хал­қымыздың қолданбалы өнерін шартарапқа таныта жүріп, жәдігерлерді қалпына келтіру ісін жолға қойған дизайнердің топтамасындағы алтынмен апталып, күміспен көмкерілген ұлттық нақыштағы киімдер сәнімен ғана емес, орындалу техникасымен де назар аудартады.

Мата бетіне жарасымды қона кеткен кестелер мен күрделі ою-өрнек көрген жанды ерекше әсерге бөлеп қана қоймай,  әр бұйымның тарихына тереңдеуге мәжбүрлейді. Әсіресе хандар, билер мен сұлтандар, ханшайымдар зерлі киімдерінің заманауи үлгілері ұмыт бола бастаған ұлттық өнерді айшықтайды. Бүгінде шебер қалпына келтірген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қабірді жабатын кілем мен Жәңгір ханның әскери киімі, Жәңгір ханның жары Фатима ханшаның бірінші Николайдың таққа отыру рәсіміне киген көйлегі мен камзолы музейлерде салтанат құрып тұр.

–  Еліміз тәуелсіздік алған жылдары бұл бірегей өнер жойылып кетудің алдында еді. Қаншама құпия-сыры ұмытылып, дәстүрдің өзі көмескілене бастағаны белгілі. Сала жанашырлары мен ғалым зерттеушілердің ізденісі нәтижесінде құпия қалған талай деректер ғылыми айналымға еніп, жәдігерлерді жаңғырту ісі б­асталды.  Ағаш өңдеу, зергерлік іс, тоқыма, киіз басу мен кілем тоқу сияқты қолданбалы өнер жанданды.  Зерттей келе кесте өнерінің өзі де айқас тігістен бастап тегіс кестеге дейін сан алуан бағытты қамтитынын анықтадық. Әсіресе жойылып кетуге шақ қалған элиталық өнер –  зерлеудің сыры ерекше екен. Кеңес билігі тұсында тұрмыстық бұйымдарды алтынмен зерлеу өткеннің қалдығы деп қабылданды. Сұраныстың жоқтығынан зерлеп тігу өнері XIX ғасырдың басынан бергі аралықта назардан тыс қалды. Қазіргі кезде сәндік-қолданбалы өнердің көне үлгілері заман сұранысына ие болып, трендке айналды. Ал зерлеп тігу әдісі кеңінен қолданыс таба бастады, –  дейді шебер.

Шебердің топтамасындағы сән-салтанатқа киетін ұлттық киім ғана емес, күнделікті өмірдің сәніне арналған алтын зерлі бұйымдар ерекше көз тартады.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар