Қазіргі таңда интернет тек ақпарат көзі ғана емес, сонымен бірге түрлі қауіптердің де алаңына айналып отыр. Терроризм орталығының және Абай облысы бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының мәліметіне сәйкес, радикалды идеологиялар көбіне дәл осы цифрлық кеңістікте таралады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жастарды деструктивті ағымдарға тарту фактілері жиілеп келеді, деп жазады Egemen.kz.
Цифрлық технологиялардың дамуы қоғамға көптеген мүмкіндік әкелді. Алайда сонымен бірге жаңа сын-қатерлер де пайда болды. Интернет кеңістігінде экстремистік мазмұндағы материалдардың таралуы – әлемдік деңгейдегі мәселе. Мұндай контентке кез келген адам, әсіресе жастар, оңай тап болуы мүмкін.
Жастар – ең осал топтардың бірі. Экстремистік ұйымдар аудиторияны тарту үшін заманауи технологияларды барынша тиімді пайдаланады. Олар сайттар, әлеуметтік желілер және жабық чаттар арқылы жұмыс істейді. Мұндай ортада ақпарат сыртқы бақылаусыз таралып, пайдаланушыларға тікелей әсер етеді.
Радикалды топтардың әдістері де күрделі. Олар тартымды визуал, қысқа әрі эмоционалды мәтіндер, жылдам жаңартылатын ақпарат арқылы аудиторияны өзіне баурайды. Сонымен қатар, бұл құрылымдарда IT саласын меңгерген, тіл білетін және психологиялық әсер ету тәсілдерін жақсы білетін мамандар жұмыс істейді.
Әлеуметтік желілердің ықпалы ерекше. Себебі мұнда ақпарат өте жылдам таралады, ал пайдаланушылар өзара еркін байланыс орната алады. Көп жағдайда радикалды идеялар жабық топтар мен жеке хат алмасу арқылы беріледі, бұл олардың таралуын қиын бақылауға әкеледі.
Семейде терроризмді насихаттаған азамат 7 жылға сотталды
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары жастардың дінге қызығушылығы артқан. Осыған байланысты олардың интернеттегі ақпаратқа деген көзқарасы да маңызды. Абай облысының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Әсел Күсімбекованың пікірінше, ата-ананың бақылауы мен жауапкершілігі айрықша рөл атқарады. Өйткені көп жағдайда ата-аналар баласының интернеттегі әрекетін толық қадағаламайды.
Сарапшы жастарды ақпаратқа сын көзбен қарауға шақырады. Оның айтуынша, кез келген діни немесе идеологиялық ақпаратты қабылдамас бұрын оның қайнар көзін тексеру қажет. Жалған уағыздар мен деструктивті контентке еріп кету – үлкен қауіп.
«Кез келген дін адамның білім алуына кедергі келтірмейді. Сондықтан жастар өз уақытын тиімді пайдаланып, білімге ұмтылуы тиіс. Ұлттық құндылықтарды сақтап, жалған уағызшылардың ықпалынан аулақ болу маңызды», дейді Әсел Күсімбекова.
Мамандардың пікірінше, интернеттегі экстремизмге қарсы күрес тек тыйым салу немесе бақылаумен шектелмеуі керек. Бұл жерде жүйелі тәсіл қажет. Яғни, ақпараттық сауаттылықты арттыру, жастармен ашық диалог жүргізу және рухани-мәдени құндылықтарды нығайту – басты бағыттар.
Сонымен қатар, интернеттегі қауіптерден сақтану үшін қарапайым, бірақ тиімді ережелерді ұстанған жөн. Ең алдымен, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз топтарға қосылмау, жеке мәліметтерді ашық жарияламау маңызды. Кез келген ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеру – цифрлық қауіпсіздіктің негізгі қағидасы.
Қостанайда терроризм актісі туралы жалған ақпарат берген жасөспірім жауапқа тартылды
Жалпы алғанда, онлайн кеңістіктегі қауіп-қатерлерден қорғану әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Ақпараттық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын дамыту – радикалды ықпалдан сақтанудың ең тиімді жолдарының бірі.