Зейнетақы жүйесі еңбек өтіліне негізделуі мүмкін. Сенатор Амангелді Нұғманов жасқа байланысты емес, еңбек өтіліне негізделген зейнетақы жүйесіне кезең-кезеңімен көшуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл қадам елдегі әлеуметтік саясатты жаңғыртып, еңбекке ынталандыруды күшейтеді, деп жазады Egemen.kz.
Сенатордың айтуынша, Қазақстан адами капиталды дамытуға басымдық беретін жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Осыған байланысты Әлеуметтік кодексті жаңартып, зейнетақы жүйесін еңбек нарығының қазіргі талаптарына бейімдеу қажет. Ол қазіргі «жасқа қарай зейнетке шығу» үлгісінен бас тартып, азаматтарға еңбек өтілі жеткілікті болған жағдайда зейнетке шығу уақытын өз бетінше анықтау құқығын беруді ұсынады.
Нұғмановтың пікірінше, мұндай тәсіл бірқатар маңызды нәтижелерге жеткізеді:
жұмыссыздық деңгейін төмендетеді; масылдық көзқарасты азайтады; азаматтардың еңбекке жауапкершілігін арттырады; мерзімінен бұрын негізсіз зейнетке шығуды тежейді; мемлекеттік бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түсетін жүктемені азайтады.Оның сөзінше, бұл өзгерістердің нәтижесінде зейнетақы жүйесінде қаржылық теңгерім нығая түседі.
Қазақстан зейнеткерлер үшін ең қолайлы елдер рейтингіне енді
Сенатор сондай-ақ қазіргі заңнамадағы бірқатар олқылықтарға тоқталды. Атап айтқанда, мүгедектік белгіленбей, бірақ денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істеуі қиындаған азаматтарға мерзімінен бұрын зейнетке шығу тетігі жоқ. Қолданыстағы жүйе тек ресми мүгедектікті тануға бағытталған, ал созылмалы және кәсіби сырқаттары бар адамдардың жағдайы жеткілікті ескерілмейді.
Осыған байланысты ол Әлеуметтік кодекске өзгеріс енгізіп, денсаулық сақтау саласының уәкілетті органы бекітетін аурулар тізбесі негізінде медициналық айғақтар арқылы зейнетақы тағайындау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мұндай тетік еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан азаматтарға қолдау болмақ.
Сонымен қатар егер адамның денсаулығы жақсарып, еңбекке қабілеттілігі қалпына келсе, оның қайта жұмыс істеу құқығы сақталуы тиіс деген ұсыныс та айтылды.
Әйелдердің зейнетке шығу жасы өзгереді
Сенатор көтерген бастама – зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған кешенді өзгерістердің бірі. Ол елдегі әлеуметтік әділеттілікті арттырып қана қоймай, еңбек нарығындағы жаңа талаптарға сай икемді жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беруі мүмкін.
Павлодар облысында киберполицейлер зейнеткердің 5 млн теңгесін алаяқтардан сақтап қалды