Оңтүстік Корея Қазақстанмен жасанды интеллект саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, маман даярлауға қолдау көрсетпек, деп жазады Egemen.kz.
Сеул қаласында Кореяның ұлттық жасанды интеллект зерттеу орталығы мен еліміздің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшылары тиісті меморандумға қол қойды. Аталған құжат екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, озық технологияларды енгізу мен кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, екі ұйым арасындағы әріптестік өткен жылы басталған. Сол кезде кореялық делегация Қазақстанға келіп, Астана қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру үдерістерімен танысты.
ЖИ және мемлекеттік қызметтер: AlemGPT сервисінің мүмкіндіктері қандай?
Ал қазақстандық делегацияның Оңтүстік Кореяға сапары барысында оларға Ұлттық жасанды интеллект зерттеу орталығы мен Сеулдегі жасанды интеллект және «ақылды қала» орталығының жұмысы таныстырылды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевтің айтуынша, қол қойылған меморандум жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы өзара ықпалдастықты арттыруды көздейді. Оның ішінде тәжірибе алмасу, AI-шешімдерді енгізу және сала мамандарын даярлау мәселелері қамтылған.
ЖИ агенттерінің жәрдемі
Сонымен бірге Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары қазірдің өзінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, 1414 бірыңғай байланыс орталығында AI-кеңесші жұмыс істейді. Қазіргі таңда ол әрбір бесінші қоңырауды дербес түрде өңдеуге қабілетті.
ЖИ көмегімен жаңарған мұра: Ежелгі петроглифтер көрмеге қойылады