Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы референдумда халық қолдаған Ата заң Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашатынын айтты. Сондай-ақ отандастарымыздың ел тағдырына ортақ жауапкершілік пен бірлік танытқанын ерекше атап өтті.
Референдумға дейін біз жастармен, колледж студенттерімен және оқытушылармен кездесулер өткізіп, жаңа Конституциядағы жастарға қатысты нормаларды ашық талқыладық. Әсіресе білім алу және денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақ көп болды. Халықты мазалап жүрген тақырыптардың бірі – «білім мен медициналық көмек енді тек ақылы болады екен» деген жаңсақ пікір. Бірден айтайық: бұл – фейк ақпарат.
Қазақстан әлеуметтік мемлекет болды және бола береді. Бұл қағида жаңа Конституцияда да нақты көрсетілген. Ата заңның 1-бабында: «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқын жазылған. Мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады.
Білім мен денсаулық сақтау саласындағы кепілдіктер сақталады. Бұл қызметтер «ақысыз» деп көрсетілгенімен, олар мемлекеттік бюджет есебінен, яғни салықтарымыздың есебінен қаржыландырылады. Ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысы бар, коммуналдық шығындар бар. Ал қарапайым азаматтарға білім әрі қарай да қолжетімді және тегін болып қала береді. Сол себепті Негізгі құжатта азаматтар «ақы төлемей» деп нақты көрсетілген.
Ұлттың болашағы біліммен, ғылыммен, инновациямен тікелей байланысты. Көптеген елдің қарқынды дамуы жан-жақты зерттелген. Әртүрлі ғалымдар әртүрлі факторды атайды. Дегенмен бәрін жинақтасақ, ортақ заңдылық анық көрінеді.
Жапония, Сингапур, Еуропа елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, табыс пен даму үш негізгі тірекке сүйенеді: тәртіп пен меритократия (заң), білім мен құндылықтарға инвестиция, құндылықтардың жаңғыруы (ағарту) және тұлғадан биік тұратын мықты институттар.
Дәл осы құндылықтар жаңа Конституцияда көрініс тапқан. Сонымен қатар қазіргі заманда жасанды интеллектіні игеру ғана емес, оны дұрыс бағытта қолдана білу де шешуші факторға айналып отыр.
Конституция күн сайын жұмыс істеуі керек. Себебі Негізгі заң – бір күннің немесе бір саяси кезеңнің құжаты емес, ол ұзақмерзімді бағдар. Ата заңның әр бабы мұғалімнің сыныбында да, ауруханада да, сот залында да, мемлекеттік қызметшінің кабинетінде де орындалуы қажет. Енді оның нормаларын нақты заңдарға айналдыру маңызды. Әрі сол заңдардың өмірде шын мәнінде, мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл үшін басқару мәдениетін өзгерту, заңды бәріне бірдей қолдану, институттарды нығайтуымыз қажет. Бұл – биліктің де, азаматтардың да ортақ ісі.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты