• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 08:17

Сот тәуелсіздігі қалай күшейеді?

60 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылдан бері сот жү­йесін жаңғыртуға бағыт­тал­ған кешенді реформалар жүргізіліп келеді. Мұндағы басты мақсат – сот билігінің институционалдық тәуелсіздігін қамтамасыз ету, судья­лардың жүйе ішінде қандай да бір сыртқы не ішкі қысымнан тәуелсіз қызмет атқаруына жағдай жасау. Осы сипаттағы бастамалар жаңа Конституцияда да көрініс тапқан.

Қазіргі уақытта тәуелсіз сот төрелігінің негізгі кепілдіктері Конституцияда және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңда бекітілген. Бұл нормаларға сәйкес судья­лар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болып, тек Конституция мен заңға бағы­нады. Соттардың қызметіне араласуға және сотқа қандай да бір заңсыз ықпал етуге жол берілмейді, мұндай әрекеттер заң бойынша жауаптылыққа әкеледі. Сонымен қатар судья­лар нақты істер бойынша ешкімге есеп бермейді, ал сотқа немесе судьяға құрметсіздік танытқандар заңмен жауапқа тартылады.

Сот актілері мен судьялар­дың талаптары барлық мем­лекет­тік органдар, лауазымды тұлға­лар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін міндет­ті саналады. Бұл талаптарды орында­мау заңнамада көздел­ген жауапкершілікке әкеліп соғады. Дегенмен құқықтық қағидаттарды заң деңгейінде бекіту олардың іс жүзінде толық әрі тиімді іске асуын автоматты түрде қамтамасыз етпейді. Сондықтан бұл нормаларды жүзеге асырудың нақты және түсінікті тетігі қажет.

Бұрын сот жүйесінің бюд­жеттік шығындарын негізі­нен Қаржы министрлігі айқын­дай­тын. Мұндай жағдайда сот билігінің қаржылық тәуел­сіздігі толық қамтамасыз етіл­ді деп айту қиын. Осыған бай­ла­нысты жүргізілген рефор­ма­лардың нәтижесінде соттар­дың қаржылық дербестігі кү­шейтілді. Қазіргі уақытта сот жү­йесінің бюджетін қалып­тас­тырудың жаңа моделі енгізі­ліп, қаржы ресурстарын бөлу және бақылау өкілеттіктері судья­лардың өзін-өзі басқару органдарына берілді. Бұл өз кезегінде атқарушы билік тарапынан ықтимал қысым тетіктерін айтарлықтай азайтты.

Аталған реформалар судья­лардың әлеуметтік жағда­йын жақсартуға да оң әсерін ти­гізді. Судьялардың жалақысы өсті, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер кеңейтілді. Болашақта судьялардың зей­нет­керлік жасқа жетпей-ақ отставкаға шығу мүмкіндігін қарастырып, оларды өмір бойы әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесін енгізу де орынды болмақ. Мұндай қадам судья мамандығының тартымдылы­ғын арттырып, сот жүйесіне жас әрі білікті кадрлардың келуіне ықпал етуі мүмкін.

Судьялардың ішкі тәуел­сіз­дігін қамтамасыз ету және сот төрағалары тарапынан қысым­ды болдырмау мақсатында об­лыстық соттарда төралқалар таратылды, аудандық соттар төрағаларын сайлау енгізілді, барлық кадрлық өкілеттіктер, оның ішінде қызмет бабындағы ілгерілеу, оқыту, тәртіптік жа­уап­кершілік және т.б. Жоғары сот кеңесіне берілді. Сонымен қатар сот жүйесінің әкімшілік қызметтері жаңадан құрылған Сот әкімшілігі мемлекеттік органына жүктелді. Нәтижесінде, сот төрағаларының өкілеттіктері жүйеленді.

Сот реформасының келесі маңызды қадамы ретінде «Қа­зақ­стан Республикасы судья­ларының өзін-өзі басқару органдары туралы» жеке заң қабылдау ұсынылады. Бұл заң Жоғарғы сот, Жоғары сот кеңесі, судьялар съезі, Судьялар одағы және басқа да қоғамдық бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа қағидаттарын жүйелеуге мүмкіндік береді.

Мысалы, қазіргі кезде Судья­­лар одағына мүшелік мін­детті емес. Алайда Судья әдебі кодексін бұзу фактілеріне бастапқы баға беру жергілікті деңгейдегі Судьялар одағының филиалдары арқылы жүзеге асырылады. Бұл қоғамдық бір­лестікке мүше емес судья­лардың әрекеттеріне баға беру тұрғысынан белгілі бір құқық­тық қайшылықтар туындатуы мүмкін.

Сонымен қатар сот төре­ліг­іне қолжетімділікті кеңейту мақ­сатында Астанада үш касса­циялық сот құрылды. Егер бұ­рын Жоғарғы сотта «іріктеме­лі» кассациялық саты жұмыс істе­се, өткен жылы 1 шілдеден бастап кассациялық соттар «тұтас» кассация қағидаты бо­й­ынша қызмет атқара бастады. Бұл әрбір тарапқа өз ісін кассациялық тәртіпте қаратуға қосымша мүмкіндік береді. Нәтижесінде, қайта қаралған сот актілерінің үлесі азаматтық істерде – 3-тен 18 пайызға дейін, қылмыстық істерде – 8-ден 28 пайызға дейін ұлғайды.

Сот жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатында судьяның ерекше пікірі секілді институтты дамыту мәселесі де маңызды. Қазіргі уақытта мұндай пікір іс жүргізуге қатысушылар үшін қолжетімді емес және жоғары тұрған сот сатыларының судьялары ғана таныса алады. Сондықтан ерекше пікірді барлық тарапқа қолжетімді ету ұсынылады. Кей мемлекеттердің тәжірибесінде, атап айтқанда Балтық елдерінде, ерекше пікір болған жағдайда істі кеңейтіл­ген сот құрамымен қайта қарау тәжірибесі қолданылады. Мұн­дай тәжірибені зерттеп, ұлттық сот жүйесіне бейімдеп енгізу орынды.

Сот жүйесінің тиімді қызмет етуіне ықпал ететін тағы бір маңызды мәселе – заң шығару үдерісіне қатысу мүмкіндігі. Қазіргі таңда заңнамалық бас­тамалар көп сатылы келісу рәсімдерінен өтеді, бұл кейде құнды ұсыныстардың мазмұнын әлсіретеді.

Жалпы алғанда, жаңа Конс­титуция сот реформасын одан әрі тереңдету­ге және сот би­лігінің тәуелсіз­дігін нығайтуға жаңа серпін береді. Бұл реформалар сот төрелігінің сапасын арттыру­ға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғауға, сондай-ақ қоғам­ның сот жүйесіне деген сенімін күшейтуге бағытталған. Демек Ата заң – ел аза­мат­тары­ның конституциялық құ­қық­тары мен бостандықта­рын қам­та­масыз етуге негізделген қуатты әлеуеті прогрессивті құқық­тық құжат ретінде ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды.

 

Сәкен АБДОЛЛА,

Жоғарғы соттың судьясы

Соңғы жаңалықтар