• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Алматы Бүгін, 08:00

Таутандарға ат қойылды

10 рет
көрсетілді

Жыл басталғаннан бері Алматы хайуанаттар бағы талай сирек жануармен толығып, жағымды жаңалыққа кенеліп жатыр. Оның үстіне хайуанаттар бағына келетіндердің де қатары көбейе түскен. Ал қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері Наурыз мейрамы күндері зообақтың «жаңа тұрғындарын» көруге 40 мыңдай адам келгенін айтады. Оның ішінде биылғы 11 қаңтарда Бентли мен Ярги атты амур жолбарыстарынан туған үш бірдей шөнжік те бар.

«Таутан», «шөнжік», «сарымақ» деп бабаларымыз әдемі атаулар берген сүйкімді шөнжіктер алғашқы апталарда енесімен бірге тұрса, күннің көзі жылығаннан кейін еркіндікке шығып, жаңа ортаға, көпшілікке үйрене бастағаны байқалады. Таутандар енесін еміп жүргенімен, қатты азықтарға қызығушылық танытып, күн өткен сайын ширап келеді.

Ең қызығы, Наурыз мейрамы қар­саңында Алматы хайуанат­тар бағы отандастарымыздан Амур жолбарыс­тарының сүйкімді сарымақтарына әдемі ат қоюды сұраған еді. Ел мұндай әдемі ұсынысқа бірден елең етіп, еркек таутандарға түрлі-түрлі есімдер ұсынылса, ақыры оларға ең жиі аталған Арлан, Тарлан, Алан атаулары бұйырды. Шөнжіктерді «Брюс, Джеки, Чак», «Лео, Стич пен Симба», «Моцарт, Бах, Бетховен», «Шерхан, «Дастан, Темірлан», «Марс, Меркурий, Юпитер» деп атағысы келгендер де көп болды.

«Мереке күндері зообаққа 40 мыңға жуық қонақ келді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23%-дан астамға артық. Қала тұрғындары мен қонақтарының табиғатқа деген қызығушылығы өскенін байқап отырмыз. Амур жолбарыстарының күшіктеуі  маңызды оқиға ғана емес, мамандарымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі», дейді зообақ директоры Сейілхан Әкілбеков.

Қазір зообақта инфра­құрылымды дамыту, жануарларды күтіп-бағуға қолайлы жағдай жасау жұмысы жалғасын та­уып жатыр. Сонымен қатар келушілерге арналған танымдық бағдарламалардың да ауқымы ұлғайды.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар