• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Көрме Бүгін, 07:50

Көрік пен көктем мерекесі

40 рет
көрсетілді

Шамалғандағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Ұлт өрнегі – ұрпақ өнегесі» атты ұлттық киімдердің сән көрмесі көпшілікке ұсынылды. Онда әйелдердің талғам таразысына сай келер эстетикалық күміс, түрлі-түсті тастармен көмкерілген әшекейлер жиынтығы мен киізден басылған киім түрлері көрме экспозициясы төрінен орын алды.

Көрмені республи­ка­мызға танымал, ұлт­тық қолөнер заттарын көпшілікке насихаттап жүрген қарасайлық Бекдайыр әулетінің ұлттық реңктегі ою-өрнекпен нақышталған туын­­­ды­лары құрады. Қолөнер шебер­лері Өзбекәлі Жәнібектің 90 жылдығына арналған ұлттық киім байқауының,  «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары атанған.

Бекдайыр отбасының ұлт­тық нақыштағы туындыларын тамашалауға келген Ә.Бұқарбайқызы атындағы, Қарасай батыр атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушыларының назарына ұлттық құндылығымыз отбасылық мәдениеттен бас­тау алып, халқымыздың байырғы тарихымен астасып жатқаны баяндалды. Тарихи кезеңдерден бүгінге жеткен ұлттық киімдеріміз бен қолөнер туындылары – халқымыздың рухани мұрасы. Көз тартарлық көрмеге қойылған жәдігерлердің авторлары Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Суретшілер одағының мүшесі Қоңыр Егенұлы мен жары Анаргүл Нарботанова ұлттық ою-өрнекпен әдіптелген киім кию арқылы өткенді құрметтеп, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге көрсететінін атап өтті. Әрбір киімде көнеден жеткен тағылым, дәстүр мен даналықтың сыр-құпиялары барын жас өскіннің есіне салды.

Заманауи технологиялар жетістігін пайдалана отырып, өскелең жастың талғамына оң әсер беретін, тіпті, қыздардың қызығушылығын оятқан әшекей сырға, сақина, алқа, білезік, шашбау, көз жауын алар шекеліктің түр-түрі көрмеден орын тапты. Қазақ тарихының байырғы құнды жәдігері жартас суреттеріндегі айшықты бейнелер, ою-өрнек үлгілері сонау қола дәуірі кезеңнен қалған құндылықтарымыз мата, жүн мен киіз үлгілерінен дайындалған киім-кешек туындыларын яғни, коллекциялық топтамасын жоғарғы сынып оқушылары өз қалауына қарай киіп, жастар талғамындағы сән көрсетілімін жасады.

«Тарихи орындар, тарихи ескерткіштер мен мәдени құн­дылықтардың қорғалуы болсын барлығы да ұлттық тәрбие құралы ретінде ағартушылық және білім беру аясындағы насихатталу әдістері мемлекетіміздің тарихи рөлін көрсетеді. Орталықтың үлкен экранында сонау қола дәуірінен бастау алатын байырғы тарихымызбен сабақтаса үндескен Қазақ ұлысының тарихы қысқаша баяндалды. Көрме жұмысының басты мақсаты – осынау тарихи кезеңдердің өзара сабақтастығын көрсету», дейді «Атамекен» орта­лығының аға ғылыми қыз­меткері Әбу Алпамыс.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар