• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Энергетика Бүгін, 12:25

ЖИ-ді дамыту үшін электр энергиясының мол қоры керек: Сарапшы түсіндірді

20 рет
көрсетілді

ЖИ дәуірінде электр энергиясына сұраныс күрт артып отыр. Бұл тек технологиялық мәселе емес, энергетикалық саясаттың басты бағытына айналды. Заманауи жасанды интеллект жүйелерін дамыту мен пайдалану үшін мол электр қуаты қажет, ал дата-орталықтар енді тек цифрлық экономиканың емес, энергетикалық баланстың да негізгі ойыншыларына айналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Electric Power Research Institute мәліметінше, бүгінгі күні АҚШ-та дата-орталықтар жалпы электр энергиясын тұтынудың 4%-ын құрайды, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 17%-ға дейін өсуі мүмкін. Оған себеп – нейрондық желілерді үйрету мен жұмыс істеу үшін колоссалды есептеу қуатының қажеттілігі. Тығыз дата-орталықтарда мыңдаған графикалық процессорлар тәулік бойы жұмыс істейді және әрбір мұндай инфрақұрылым кішігірім өнеркәсіптік тұтынушыға айналады.

Алайда сұраныс энергетикалық жүйенің бейімделу жылдамдығынан асып түсіп жатыр. Келесі 5 жылда таза энергия көздері арқылы генерацияны жылдам арттыру мүмкін емес. Жаңартылатын энергетика қарқынды дамып жатса да, ол екі қиындыққа кезігеді: генерацияның тұрақсыздығы және желілер мен энергия сақтау жүйелерін кең ауқымды жаңарту қажеттілігі.

Атом энергетикасы да жылдам шешім ұсына алмайды. Тіпті кіші модульді реакторлар (SMR) бірнеше жыл жобалау, лицензиялау және салуды талап етеді.

Сондықтан энергетикалық жүйеде салыстырмалы түрде тез іске қосуға болатын екі негізгі көз қалып отыр. Біріншісі – табиғи газ. Газ электр станциялары – энергия қуатын арттырудың ең жылдам жолы. Сондықтан АҚШ-та дата-орталықтарға арналған көптеген энергетикалық жобалар газ инфрақұрылымына тәуелді.

Екіншісі – көмір. Цифрлық экономиканың энергия тұтынуының өсуі көмір саласын қайта қалпына келтіру қажеттілігін көрсетті. Нәтижесінде, ЖИ энергетикалық балансқа әсер етіп, дәстүрлі энергия көздерінің рөлін күшейтеді.

Энергетика – егемендіктің күретамыры

Дата-орталықтар металлургия, химия немесе ауыр өнеркәсіп сияқты базалық жүктемені қалыптастыратын жаңа категорияға айналды. Бұл жаһандық деңгейде де маңызды: АҚШ пен Қытай дата-орталық құрылысы бойынша көшбасшы, демек әлемдік энергия сұранысының құрылымын сол елдер анықтайды.

Практикада бұл мынадай қорытындыға әкеледі: «жасыл өтпелі кезең» туралы саяси декларацияларына қарамастан, келесі онжылдықта көмірсутек көздерінен толық бас тарту өте қиын. Керісінше, цифрлық экономика дамуы дәстүрлі энергия көздерінің уақытша маңызын арттыруы мүмкін.

2027 жылға қарай электр энергиясына деген ішкі қажеттілік толығымен жабылады

Қазақстан үшін бұл тренд бірнеше стратегиялық мүмкіндіктер ашады:

Елде көмір мен табиғи газ қорлары жеткілікті, олар арзан электр энергиясының негізін құрай алады, бұл дата-орталықтар үшін маңызды фактор; Қазақстан Еуропа мен Қытай арасындағы екі ірі цифрлық инфрақұрылым нарығының ортасында орналасқан, бұл мемлекетке аймақтық дата-орталық хабы болуға мүмкіндік береді; ЖИ дамуы базалық генерацияның жаңа көздерін, соның ішінде атом энергетикасын дамыту қажеттілігін күшейтеді, себебі цифрлық инфрақұрылым үшін тұрақты әрі болжамды энергия маңызды.

Ұзақ мерзімді перспективада жасанды интеллект тек технологиялық ғана емес, энергетикалық революцияға да айналып отыр. Цифрлық экономика неғұрлым тез өссе, тұрақты генерацияға сұраныс соғұрлым артады. Электр энергиясы қолжетімді елдер үшін бұл жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының біріне айналуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар