• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:43

Жүгеріні қалдықсыз өңдейтін кәсіпорын

20 рет
көрсетілді

Елімізде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға жеткізу межесі қойылғаны белгілі. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өңірде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Жамбылдық атқамінерлер жүгеріні тереңдетіп өңдеу саласына айрықша басымдық беріп отыр. Шу ауданында салынып жатқан жаңа кәсіпорында алдағы уақытта мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады. Компания басшылығы жұмысшылардың 90 пайызын жергілікті азаматтар құрайтынына сендірді.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданын­­­­да ірі жобалар қолға алы­­­нып жатыр. Бірнеше жыл бұ­­рын құрылған «Жібек жолы» ар­­найы экономикалық аймағында кейінгі бірер жылдың бедерінде 10 кәсіпорын бой көтеріп, 4 мың адамды жұмыспен қамту көз­дел­ген. Ал қытайлық инвес­торлар қол­ға алған жүгеріні қал­дықсыз өң­дейтін зауыт құры­лысы бүгінде қарқынды жүріп жатыр.

«Кәсіпорын құрылысын жүр­гі­зу мақсатында мыңдаған адам іске кірісті. Зауыт ашылған кезде 1 500 азамат жұмыспен қамтылады. Біз жүгеріні терең өңдеу ісіне кірісу арқылы лейцин, изолейцин, валин, глутамин, цитрулин секілді амин қышқылдарын аламыз. Бұдан бөлек, крахмал, глюкоза және мал азығын өндіреміз.

Жалпы алғанда, жаңа зауытта жұмыс істейтін мамандардың 90 пайызы жергілікті азаматтар болады. Жұмысшылар алдағы жылдары шет мемлекеттерде біліктілігін арттырады. Шу ауданына ұзын саны 19 инвестор келеді», дейді «Shenqtai Biotech CO. LTD» ЖШС басшысының орынбасары Сю Цзин Чжао.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, зауыттың өнімділік қуаты жылына 500 мыңнан 1 млн тонна жүгері өңдеуге дейін жетеді. Ал кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде бұл көрсеткішті 3 млн тоннаға дейін жеткізу мүмкіндігі тумақ. Жаңа зауыт құрылысын жүргізуге шамамен 420 млрд теңге инвестиция тартылған.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев­­­­тің айтуынша, жаңа жоба оңтүстік өңір­лердегі агро­­­­­өнер­кәсіп саласын дамытуға айрықша серпін береді. Өйткені мұнда жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыруға барлық мүм­кін­дік қарастырылған.

«Мемлекет басшысы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға жеткізу міндетін жүктегені мәлім. Біз таңдаған басым бағыттың бірі – дәнді дақылдарды терең өңдеу. Бұл жоба – жүктелген міндетті жүзеге асырудың нақты көрінісі. Іргесі қаланып жатқан жаңа зауытта егістіктен бастап, тұтынушыға дейінгі жоғары сұ­­рып­ты өнім өндіретін біртұтас жүйе қалыптастырылған. Бірегей жоба еліміздің оңтүстік өңір­ле­рінде агроөнеркәсіп кешенін қарқынды түрде өркендетуге тың серпін берері анық. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тұрақты табыс әкеледі», дейді Е.Қарашөкеев.

Компания басшылығының айтуынша, серіктестік құрылыс жұмысы кезінде негізінен қытайлық технологияны қолданады. Сон­дық­тан мамандар да аталған елден жұмылдырылатыны түсінікті. Алайда зауыт құрылысы аяқталғаннан кейін жұмыстың басым бөлігін жергілікті мамандар жүзеге асырады.

«Жергілікті азаматтарды жұ­мыс­пен қамту туралы уәдемізге берік болуға мүдделіміз. Бұл өз кезе­гінде шығынымызды азайтатынын айта кеткен ләзім. Біздің жос­­пар бойынша басқару жүйесіндегі 50 маман ғана Қытайдан келеді. Қалған шаруаны жүзеге асыруға еліміздің   азаматтары жұмысқа қабылданатыны анық. Біз қазір Алматы қаласы мен Жамбыл облысындағы университеттермен сөйлесіп жатырмыз. Олар бізге керек мамандарды даяр­лау­ға көмектеседі. Жергілікті 40 студентті жаңа технологияны меңгеру мақсатында Қытайға оқуға жіберіп, олардың біліктілігін арт­тыр­дық. Ал компания Жамбыл облысы аумағында тіркелгендіктен, салықтық түсімдер Жамбыл облысына төленеді», дейді серіктестік басшысының орынбасары. 

Мамандар келтірген дерекке жүгін­сек, зауыт осы жылы жұ­мыс­ты ішінара бастауға ден қойып отыр. Нақтырақ айтсақ, биыл 500 мың тонна жүгеріні өңдеуге күш салмақ. Ал 2027 жылы се­ріктестік 1–1,5 млн тонна көле­мін­де жүгері са­тып алуға бекініп отыр.

«Біз өзімізге қажетті жүгерінің бәрін Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен алуға ниеттіміз. Әл­бетте, мүмкіндік жетсе, елдің бар­лық өңірінен сатып алуға қау­қа­рымыз жетеді. Сіздердің көмек­теріңіздің арқасында оңтүс­тік­тегі шаруалардың басым көпшілігі жүгері егеді деп сенемін. Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министр­­­лі­гі бізге қолдан келгенше қол­дау көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн. Ал жүгерінің сұрпына қатысты айтар болсам, біздің зауытқа жергілікті өнім жарайды. Қандай да бір талабымыз жоқ. Жұмсақ жүгеріні ғана қабылдаймыз. Шаруалар осыны назарда ұстаса дейміз. Ал жүгеріні сатып алу нарықтық баға жүйесімен жүзеге асырылады. Себебі бізде бекітілген нақты баға тарифі жоқ», дейді компания өкілі.

Серіктестік басшысының орынбасары келтірген дерекке жүгінсек, отандық шаруалар жүгері алқабын кеңейтуге ниеттенсе, «Shenqtai Biotech CO. LTD» ЖШС тарапынан оларға техникалық көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Алайда жергілікті азаматтармен бірлесіп жүгері алқаптарын кеңейте алмайды. Өйткені еліміздің заңнамасында шетелдік компаниялардың Қазақ­­стан аумағында мұндай жұмыс атқаруына тыйым салынған.

«Зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде өндірілген өнімді Жерорта теңізі маңайындағы елдерге, дәлірек айтсақ, Еуропа мем­ле­кеттері мен Солтүстік Африка елдеріне экспорттауға бел буып отырмыз. Оны нақты уақы­­­тын­да жүзеге асыратын өзіміздің жоба-жоспарымыз бар», дейді ол.

Жұмысын кезең-кезеңімен жандан­дыруға тәуекел еткен зауыт басшылы­ғынан жергілікті аза­мат­тардың жала­­қысы туралы да сұрадық. Компания басшы­лы­ғының сөзінше, мұндағы қыз­мет­­кер­лердің еңбекақысы 200 мың теңге­ден 1 мил­лион теңге ара­лы­ғында болмақ. Жала­қы көле­мі қыз­мет­кердің функ­цио­нал­дық мін­де­тіне байланысты тағайын­далады.

«Кәсіпорында жатып жұмыс істеуге ниетті азаматтарға арналған екі бірдей жатақханамыз бар. Олар­дың осында қалып қызметтік міндетін атқаруға ешқандай кедергі жоқ. Әрқайсысына 900-ден астам адам сыяды. Бұдан бөлек, отбасылы жұмысшыларға арналған пәтерлер де бар. Ал үйіне барып келіп жұмыс істегісі келетіндерге арнайы көлік қарастырылған», дейді серіктестік басшысының орын­басары.

Компания университтермен келі­сім жүргізу аясында Қытайға оқуға жібе­­рілген жастардың бәрін жұ­мыс­қа қа­былдаған. Олар тек жұ­мыс істеу жүйе­сін толық мең­ге­ру, кәсіби білікті­лігін жетіл­діру мақ­сатында ғана арнайы курстарға жіберіледі. Зауыт маңайында ор­на­ласқан асханада қазақы мәзір­ге сай тағамдар дайындалатынын да айта кеткен жөн. Бір сөзбен айтқанда, жүгеріні тереңдетіп өңдейтін зауытта жұмыс істеуге барлық мүмкіндік қарас­ты­рылғаны көңіл тоғайтады.

 

Жамбыл облысы,

Шу ауданы 

Соңғы жаңалықтар