Maurice-Richard Arena мұзайдынында әлемнің сайыпқыран саңлақтары додаға түсті. Бас бапкер Пётр Гамидов үкілеп қосқан үздіктеріміз іріктеу кезеңінде іркілмегенімен, шешуші сында жүлде олжалай алмады. Ерлер додасында Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Нұртілек Қажығали, Айбек Нәсен сынға түссе, әйелдер додасында Яна Хан, Малика Ермек, Алина Әжіғалиева, Ольга Тихонова айдынға шықты. Жігіттер 5000 метрге эстафеталық сайысқа В тобында бақ сынап, екінші сатыға орныққанымен, жалпы нәтижеде 6-орынды місе тұтты. Қыздарымыз әлем чемпионатында 8-орынға тұрақтады. 2000 метрге аралас эстафетада 10-орын бұйырды. Жекелей сында Абзал Әжіғалиев 500 метрде ширек финалға шыққанымен, өз тобында үздіктер қатарынан көріне алмай 13-орынға тұрақтады. Қыздардан көрсеткіші тәуір деген Алина Әжіғалиева ғана, оның өзі 1000 метрге жүгіруде 22-орыннан көрінді. Оңтүстік Корея шорт-трекшілері 4 алтын медаль иеленіп, көш бастаса, 2 алтын, 5 күміс медаль бұйырған Нидерланд құрамасы екінші сатыға жайғасты. Үштікті 2 алтын, 1 күміс медаль алған Канада құрамасы түйіндеді. Спортшыларымыз енді 19-22 наурыз аралығында Астанада өтетін ел чемпионатына қатысады.
Грузияның Тбилиси қаласында дзюдодан Grand Slam турнирі өтеді. 20-22 наурыз аралығын қамтитын додада 12 балуанымыз белдесуге түседі. 60 кг салмақта Мағжан Шамшадин, Талғат Орынбасар бақ сынайды. 66 кг салмақта Нұрқанат Серікбаев, Ақылжан Жұбатқанов, 73 кг салмақ дәрежесінде Аңсарбек Ғайнуллин, Әнуар Жұмагелдин ел сенімін арқалайды. 81 кг салмақта Мәди Амангелді, Асқар Нарқұлов тізімде бар. 90 кг салмақта Барақ Арқабай, 100 кг салмақта Бақжан Байтас, Бейбіт Мәдиев күрессе, аса ауыр салмақта (+100 кг) Еламан Ерғалиевке сенім артылмақ.
Отепя қаласында (Эстония) биатлоннан әлем кубогінің кезеңі мәресіне жетті. Аралас эстафета сайысында Владислав Киреев пен Дарья Климина сынға түсіп, 21-орынды місе тұтты. Аралас командалар додасында Вадим Куралес, Александр Мухин, Айша Рақышева, Милана Геневаның көрсеткішіне 23-орын бұйырды.
Тараз қаласында грек-рим, еркін, әйелдер күресінен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 23 жасқа дейінгі жастар арасында ел чемпионаты мәресіне таяп келеді. «Тараз арена» кешенінің төріне төселген бозкілемде балуандар барын салды. Еркін күрестен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер белдесуінде түркістандық Рамазан Уәлихан чемпион атанды. 38 кг салмақта белдескен саңлақ алтын медальға таласта батысқазақстандық Санжар Сахиповты сүріндірді. Алматы облысының екі бірдей балуаны 41 кг салмақта финалға шығып, Мирас Әбдікәрім жерлесі Бақдәулет Серіктен басым түсті. Астаналық Бектөре Заманбек (44 кг) Алматы қаласының бал-уаны Нұрдәулет Бекбергенді жығып, ел чемпионы атанды. Атырау облысының ұланы Әмір Серік (48 кг) финалдық белдесуде Абай облысының спортшысы Арлан Сүлейменовтен басым түсті. 52 кг салмақ дәрежесінде Мадияр Әбдікәрімов (Алматы обл.) алтын медаль үшін өткен тартыста жерлесі Аршын Елубекті жеңді. Бейбарыс Түзелбаев (57 кг) шымкенттік Әлихан Алпысты жықса, жамбылдық Батырхан Қарақыстақбай (62 кг) Атырау облысының балуаны Нұрмұхамед Бауыржанды сүріндірді. 68 кг салмақта жамбылдық Наиль Зейналов қызылордалық Айбар Айтқалидан басым түсті. Батысқазақстандық Ерсұлтан Сүлеймен (75 кг) Алматы облысының балуаны Ұлан Сағарбекті жеңді. Астаналық Цицкиев (85 кг) финалдық белдесуде түркістандық Ерсұлтан Оразалыдан басым түсті. Аса ауыр салмақта (+85 кг) павлодарлық Мирас Шаймерден ақмолалық Әділхан Сейдахметті жеңіп, ел чемпионы атанды. Жасөспірімдер арасында «Қайсар рух» арнайы сыйлығы шымкенттік Көбей Торғауытқа (62 кг) берілді.