«Референдум – 2026» онлайн-марафоны аясында Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Құнаділов жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумда өңірлердегі дауыс беру барысын бақылау туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның мәліметінше, бұл науқанға өңірлердегі 9779 ашық дауыс беру учаскесіне осы үрдістің маңыздылығын түсінетін, байқаушы ретінде өз құқықтары мен міндеттерін нақты сезінетін, жауапкершілігі жоғары әрі тәжірибелі адамдар жіберілген.
«Біздің байқаушыларымыз бүгін таңғы сағат 06:00-ден бастап барлық ашық дауыс беру учаскелерінде өз жұмысын бастап, қорытынды хаттама алынғанға дейін сонда болады. Өңірлерде ахуалдық орталықтар ашылды. Нақты уақыт режимінде әрбір учаскедегі жағдайдан хабардармыз. Күні бойы байқаушыларымыздан келіп түскен ақпаратқа сәйкес, барлығы заң шеңберінде өтуде. Референдум комиссиясының немесе басқа қатысушылардың жұмысы бойынша ешқандай ескертпе жоқ. Барлық дауыс беру учаскелері жабылғаннан кейін байқаушыларымыз дауыстар мен бюллетеньдерді санау процесіне толыққанды қатысады», деді спикер.