Танымал журналист, блогер әрі деректі фильмдердің авторы Әлия Әшім ұлы ақын Абай Құнанбайұлы туралы пікірі үшін тағы да сынға ұшырады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұған дейін де Абайдың жатын бөлмесі туралы айтып қоғамда дау тудырған танымал журналист бұл жолы ақынның төсегін жинамағаны жөнінде бейнежазба жариялап, басы дауға қалды.
Блогер ұлы тұлғалардың мұндай әрекеттерін қабылдай алмау «Постколониалды қоғамда империялық теперіш көрген ұлттардың қорғаныш механизмінен туындаған» деп түсіндірді. Сондай-ақ журналист қоғамда қандай да бір тұлғаны киелі етіп көрсету ұлттың ішкі комплексінен туындаған фактор екендігін атап өтті.
Әлия Әшімнің бұл сөзін желі қолданушылары сынға алып, жазба астына түрлі пікір қалдырған.
«Абайды сөз етіп керегі жоқ, өмір сүрген заманы сондай. Ер адам үй ішінің тірлігіне араласпаған. Бұл түсінгенге Абайдың кемшілігі емес», деп жазды З.Заурбекова.
Сондай-ақ қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы «Сыйың кетіп қалады, бұрынғыларың сабақ болмаған екен» деп жазса, ақын Көкбөрі Мүбәрәк «Күйеуіне көрпе салдырған қыз екен» деп жазды.
Еске сала кетейік, бұған дейін де Абай мен Ділданың жатын бөлмесі туралы пікір білдіріп басы дауға қалған блогер Әлия Әшім халық алдында кешірім сұраған болатын.